Түркістан: қос елдің қақпасы

30 Сәуір, 2019 272 0

NewsROOM+. Оңтүстік Қазақстан облысының Түркістан облысы деп түрленуі тек Қазақстан емес, күллі түркі жұрты үшін де қуанышты жаңалық болғаны анық. Тариxқа үңілсек, Тұрар Рысқұлов бастаған Түркістан Республикасы мен туғанына биыл 120 жыл толып отырған Оспан батыр атойлаған Шығыс Түркістан Республикасының тариx беттерінде жазылуы Түркістан деген атаудың тариxи аспектісінің терең екенін көрсетуде.

Бұл тұрғыда көршілес Өзбекстан елінде Қазақстан жылының жариялануы да орай келген іс болуда. Себебі шекара бойындағы Түркістан облысы аумағында арнайы экономикалық аймақ құрылып, сауда-экономикалық байланыстарды нығайту үшін облыс әкімдігінің халықаралық сауда-экономикалық әріптестік орталығының жұмысы қолға алынып, шекара бойындағы хаостық сауда бір жүйеге келтірілмек. Қазақ-өзбек шекарасындағы транспорттық-транзиттік инфрақұрылымды «Солтүстік-оңтүстік» Орталық Азия транспорттық дәлізі аясында жаңарту да жоспарланып отыр. 

2018 жыл қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымының құны 2,5 млрд долларға жетіп, 25,3 пайызға өскен. Оның ішінде 844,3 өзбек тауарының импорты, ал 1,6 млрд доллары қазақстандық экспорттың еншісінде. Сондықтан осындай экономикалық байланыстар барысында  шекара бойындағы Түркістан облысының да ерекше үлес алатынын ұмытпаған жөн.

Мәселен, 2018 жылдың 11 айлық қорытындысы бойынша облыстағы кеден департаментінің бекеттерімен 14 539 тауарларға арналған декларация рәсімделген. Бұл 2017 жылға қарағанда 16,2 пайызға өскен. Одан бөлек кеден бекеттері арқылы 174 865 жүк автокөлік құралдары өтіп, 2017 жылмен салыстырғанда 63,7 пайызға өсім көрсеткен. Сондай-ақ 244 310 жеңіл автокөлік шекарадан қатынаған. Бұдан өзге, 17 019 264 азамат шекарадан өтіп, 2017 жылға қарағанда 46,8 пайызға көбейген.

Дегенмен Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы өзара қарым-қатынастың мұндай деңгейге көтерілуінің сыры - Тұңғыш Президент -Елбасы Н.Ә.Назарбаев пен көрші ел Президенті Ш.М. Мирзиёевтің екеуара еңбегінің нәтижесі екенін де естен шығармаған жөн. И.Каримов қайтыс болған соң, билік басына келген Шавкат Мероманұлы Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлымен бірнеше рет кездесті. Мұны Орталық Азия өңірін жіті зерттеп жүрген сарапшылар мен БАҚ өкілдері жарыса жазып жатты. Осы сәтте екі ел көшбасшыларының Түркістан облысына қарасты Сарыағаш ауданында өзара келіссөздер жүргізгенін айта кету қажет.


Олжас Беркінбаев,
саясаттанушы, сыртқы саясат және экономикалық зерттеулер институтының жетекшісі

Тегтер: түркістан, тарих, мақала

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.