Тәрбие – кемел болашақ кепілі

29 Сәуір, 2019 359 0

Дархан ЖАЗЫҚБАЕВ, Философия ғылымдарының кандидаты:

Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан Республикасының Президенті лауазы­мы­на кірісу рәсіміндегі сөйлеген сөзінде «Егер алдағы бір жылды ойласаңдар ас­тық өсіріңдер; егер алдағы жүз жылды ойласаңдар – ағаш өсіріңдер; егер мәң­гілікті ойласаңдар – Адам тәрбиелең­-дер» деген бабалар философиясына тоқ­талған еді. 

Жаһандану дәуірінде адами құнды­лықтардың мазмұны өзгеріп, барынша тұ­тынуды көксейтін қоғамның адам болмысына ықпал ете бастауы бұл мә­се­ленің маңыздылығын арттыра түсуде. Сондықтан да Елбасы көрсеткен ауқым­ды бес ішкі міндеттің бірі «тарихтың жаңа белесінде ұлттың бірлігін нығай­ту» үшін «адам тәрбиелеу» уақыт та­ла­бына айналып отыр. 

Өмірді өткен тарих, бүгінгі дәуір, ке­лер болашақ тұрғысынан алар болсақ, осы үш уақыт кеңістігінің ортасында тұр-ған аға буынның орны ерекше. Демек, келешегін ойлаған азаматтарды ұлттық құндылықтар, киелі атажұрттың қасиеті және ата-баба жолын жастарға насихат­тау мәселесі толғандыруы ке­рек-ақ. 
Ал қазіргі қоғамдағы жағдайға ақыл көзімен қарап, тар жол тайғақ кешкен та­рихты ой елегінен өткізе отырып, бола­шаққа жасайтын қадамның мазмұнын анықтау маңызды. 

Коммунистік идеология негізінде қа­лып­тасқан кеңестік қоғам ыдырағаннан кейін болашақ дамудың бағдары тұман­данған болатын. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қоғамымызда орнаған идео­­логиялық вакуум және экономи­ка­лық дағдарыс қалыптасқан өмірдің құн­дылықтарына соққы болып тиді. Кейбір деректерде 90-жылдары Кеңес Одағы ыды­рай бастаған уақытта халықтың 40, тіпті 50 пайыздан астамы кедейшілік өмір­ге түскені айтылады. Экономикалық дағдарыс тұрмыстың тауқыметін кү­шей­тіп, соның салдарынан ұрпақ тәрбиесі екінші кезекке ығыстырылып, ел күн­кө­ріс қамын ойлады. Енді бүгінгі халық әлеуетінің артқан, ел экономикасының қарыштап дами бастаған және жаһан­да­нудың жарқын көрінісі қоғамды билеп-төстеген интернет пен телеарналар за­ма­нында ұрпақ тәрбиесін біз сол техно­ло­гия­ның қарауына өткізгендей күйдеміз. Жүйесіз, ашық әрі керексіз ақпарат пен логикалық байланысы жоқ мультсе­риалдар, кинофильмдер ойдың өрісін шектеп, білім мен ізденіске, кітап оқуға деген құштарлықты тежеп, руханилық жолын тұйықтап тұрғаны да шындық. Адамзаттың ақпарат тұңғиығына еніп, білімі таязданып бара жатқаны өмірдің ақиқатына айналды. Уақыттың мазмұны мен маңызы өзгеріп, оны тиімді пайда­лана білудің қажеттігі төмендеді. 

Осы заманғы жаппай тұтынушылар қоғамындағы адам бойын билеген мате­риалдық құндылықтардың маңызы өмірдің мәні саналатын болды. 

Айтылып отырған осы күннің тұрпаты «Адам тәрбиелеудің» маңызын одан әрі аша түскенін жоққа шығара алмаймыз. Бұл орайда тарихи сабақтастық, ғылым деген ұғымға баса назар салу орынды. Түп­кі мақсат тәрбиелі адамды қалып­тас­ты­ру болса, ондай адамның бойындағы қасиеттерді анықтап алған дұрыс. Олай болса, тәрбиелі адам – ата-баба дәстүрін құрмет тұтатын, тілі мен тарихынан, діні­нен ада емес, сонымен қатар өзге тілдерді де игеруге құштар, басқа елдің мәдениетін қабылдай алатын толерантты, білімді, кә­сіп игерген Отаншыл азамат. Осындай қасиеттерді бойына жинақтаған азамат ұрпақтар арасындағы тарихи сабақтастық негізінде ғылым-білімді игеру арқылы қалыптасуы тиіс.
Тарихи сабақтастық жолы. Адам­зат­тың қай дәуірінде, қай елінде болмасын, болашақ ұрпақ тәрбиесі өзекті болып кел­ген. Өйткені тамырын тереңге жай­-ған адами құндылықтарды бойына сі­ңір­ген тәрбиелі, білім мен ғылымды игерген ұрпақ қана кемел келешектің кепілі бола алады. Елдіктің өзегі саналатын ұрпақтар сабақтастығы болуы үшін тәрбие маз­мұн­ды, ғылым сапалы деңгейге көтері­ліп, мәдениеттің өзегіне айналуы қажет. 
Шығыс ғұламасы әл-Фараби «Адамға білімнен бұрын тәрбие берілуі керек, тәр­биесіз берілген білім адамзаттың қас жауы» деп түйіндесе, ойшыл Абай «Адам бол», заңғар жазушы М. Әуезов «Бесігіңді түзе» деген даналыққа толы сөздерін алға тартқан. Адам өміріндегі тәрбиенің ма­ңызын айшықтап көрсеткен әл-Фараби философиясынан болсын, адами құнды­лықтарға ерекше тоқталған Абай, Шәкә­рімнің ізгілікке толы ойларынан, Алаш алыптарының еңбектерінен болсын кей­інгі ұрпақтың алар тағылымы мол екені анық. 

Мәселен, XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басында қазақ қоғамын­дағы кемшіліктерді жанымен сезінген, болып жатқан оқиғаларды көріп, саралай білген тұлғалардың ой-толғаулары бүгінгі күн үшін де мәнін жоғалтқан жоқ. Айта­лық, Шәкәрімнің «Қазақтың түп атасы» деп аталатын өлеңіндегі айтылған ойлар­ға назар салсақ:
Қазақтың түп атасы – батыр Түрік,

«Арабсың» деген сөздің түбі шірік.

«Пәленше сахабаның затысың» деп,

Алдаған дін жамылған өңкей жүлік.

Дінді тәрбие негізі етіп алу үшін де ақыл көзінің қажет екенін көрсеткен ақын ата-баба жолын, түбіңді ұмыт­пау­-ды меңзейді. 

Ара-тұра көрініс тауып отырған дінге қатысты оқиғалар, ұрпақтар арасында тарихи сабақтастықтың болмауы түрлі адасушылыққа ұрындыруы мүмкін екенін дәлелдей түсті. Көреген тарихи тұлғаларымыз келер ұрпаққа білім беру, оларды ғылымға баулу ісін қоштап, әлем­дік өркениеттің жетістігінен қалыс қал­мауды дәріптеумен қатар түп атасын, яғ­ни тарихын да қастерлеуді өсиет еткен. 

Елдіктің ертеңі жолындағы күресті ғылым-білімнен іздеп, адамдық борыш­ты қазақ баласының бойына өлең-сөз­дерімен сіңіруге тырысып баққан тұл­ға­лардың арманы да осы қазақ елінің кемел болашағы еді. 
Ендеше, жарқын болашақты арман еткен, даналықтың дариясы болған ел тарихындағы біртуар азаматтардың фи­ло­софиялық ой кешу үрдістері мен өсиеттері тарихи сабақтастықтың негізі екені сөзсіз. Тарих – өткен оқиғалар тіз­бесі ғана емес, ол бабалар өткен жол, олардың өсиеті мен келер ұрпаққа қал­дырған жазбалары, ғылыми әрі рухани еңбектері. 

Рухани тәрбие жолы қандай болуы қажет және оны неден іздейміз дегенге қатысты қоғамда пікірталас көп. Өске­-лең ұрпақтың тәрбиесіне орай қазіргі ру­хани ізденістің негізгі екі бағытын ашып көрсетуге болады. Біріншісі, тәр­биенің басын қазақы дәстүрден іздесе, екіншілері діннен, дінге негізделген құндылықтар жүйесінен іздейді. Діннің өзі бүгінде сан-салаға бұрылып, өзара тартысқа түскендей күй кешуде. Бірі дәс­түрді жоққа шығарса, екіншісі елімізде бұрын-соңды болмаған жат қағидаларды халық өміріне басты бағдар етуді мақсат тұтады. 
Сайып келгенде, елді дәстүрі мен мә­дениетінен алшақтатпайтын, ата-баба­лар­дың жүздеген жылдар бойғы діни өмір сүру салтын дәріптеу қоғам өмірі­-нің тұтастығы үшін маңызды. 

Алдағы уақытта дін мен дәстүрді бөле жармай қалыптасқан құндылықтарды тәрбиенің негізі ретінде алу ізгілікті бо­лары даусыз. Біз діннен де, ата-баба дәс­түрінен де, ғылымнан да бас тартпауы­мыз керек.
Сондықтан тәрбие дегенде, ата-баба дәстүрін, бабалар тағылымын рухани өмір­дің бағдары етіп алсақ, ғылым де­ген­де, батыстық инновация мен олардың ғылыми жетістігі экономикалық дамудың бағдары болуы шарт. 
Ғылым жолы. Ғылым адамзат да­муының қозғаушы күші екені бәрімізге белгілі. Еліміздің біртуар тұлғалары айтып өткен ғылым іздеу идеясының бү­гінгі күннің басты қағидасына айналуы заңды құбылыс. Ғылымсыз еліміздің әлеу­меттік-экономикалық дамуы мүм­-кін емес. Қазіргі заманғы ғылымға негіз­делген экономика осыны көрсетеді. 

Елбасы айтудан танбай жүрген ғылым жолы Қазақстан дамуының басты бағ­дарларының бірі болуының себебі де осы. Адам капиталын жетілдіру ісі де ғылымсыз жүзеге аспайды. Әлемнің да­мыған елдері экономикасының 70-80 пай­ызын адам капиталы құраса, бізде ол көрсеткіштің үлесі әлдеқайда төмен. Сон­дықтан ғылым, инновацияны дамы­туда үш тұғырлы тілді дамытудың және мамандарды шетелдерде дайындаудың мәні зор. 
Ата-баба тілі қазақ тілі алдағы уақытта Қазақстан халқын азаматтық біртек­ті­лікке әкелетін ортақ байланыс тіліне ұла­суы керек. Бүгінгі ұрпақ ана тілін білу арқылы тарихи тұлғалармен байланысқа түсе алады, ана тілі арқылы төл мәде­ниетін бойына сіңіреді. Тарихи сабақ­тастықтың негізі де осы ана тілін жетік игеруде жатыр. Орыс тілі бүгінгі таңда Қазақстан үшін ақпарат тілі ғана емес, ұлтаралық байланыс тілі болып тұр. Ағылшын тілі ғылым, инновация тілі десек, оны жетік игеру ғылымды дамы­ту­ға ықпал етеді. 

Жоғары ғылыми технологияға қа­тыс­ты ақпараттың басым бөлігін Ресейдің өзі Батыстан алатыны жасырын емес. 
Біздің ғалымдардың көпшілігі бүгінде ең керекті деген ғылыми еңбектермен (түп­нұсқасы ағылшын тілінде болға­ны­мен) орыс тілі арқылы танысады. Деген­мен, орыс тілі, басқаша айтқанда, қазақ тілі мен ағылшын тілі және басқа да тіл­дер арасындағы байланыс қызметін то­лық­тай атқара алмайды. Ағылшын ті­лін­де жарияланған түрлі бағыттағы ғылыми еңбектер, әлем әдебиетінде жоғары орынға ие болған шығармалар орыс тілі­не аударылғанша кемінде жарты жылға жуық уақыт өтсе, одан арысы бірнеше жыл­ға созылуы мүмкін. Ол ғылыми ең­бек­тер, әдеби шығармалар қазақ тіліне мүлдем аударылмауы да ғажап емес. Қа­зақ тілі дамуы үшін де ғылым, әлемдік әдебиет қазақша сөйлеуі тиіс. Онсыз тіл­­ді дамыту желеу сөз күйінде қала бер­мек. 
Орыс тілінің өзіне кейбір мәліметтер толық аударылып үлгермейді. Біздің ға­лымдар амалсыздан орыс тіліндегі аудар­маны күтуіне тура келеді. Демек, бір жа­ғынан қазақтілді қауым ғылыми ақпа­ратты бірнеше жылға кешігіп алса, екін­ші жағынан әлемдік әдебиеттің класси­калық туындыларымен, ғылыми еңбек­те­рімен танысу мүмкіндігі төмен деген сөз. Ғылыми еңбектерде айтылған жаңа­лықтарды кешігіп қабылдауымыз жал­-пы білім саласының, ғылымның, иннова­цияның дамуына кері әсерін тигізеді. Сон­дықтан қазіргі таңда ақпарат алмасу тілі орыс тілі болғанымен, оның да мүм­кіндігі шектеулі. 

Мектептер мен жоғары оқу орын­дарында ағылшын тілін жаппай оқы­т­у­дың қолға алынуы негізсіз емес. Ағыл­шын тілінде жарияланған еңбектермен орыс тіліне аударылғанын күтпестен дер кезінде бірден танысу үшін тілді еркін білудің маңызы осылайша айқындалып тұр. Ғылым жолына түскіміз келсе, әлем­дік инновациялық ақпарат көзіне тура барғымыз келсе, ағылшын тілін жетік игер­геніміз абзал. 
Жаңа тарих белесіндегі ұлттың бір­лігіне арқау болатын да тәрбие, ғылым-білім. Бойына мазмұнды тәрбиені сі­ңір­ген, ғылымды игерген білімді ұрпақ аза­маттық біртектілік жолына түсе алады. 
Ғұлама Аристотель осыдан екі мың жылдан аса уақыт бұрын мемлекеттегі азаматтардың бірлігін кеме экипажымен салыстыра отырып, «кемеде біреу ка­питан, бірі ескек ескіш болса да, бәрінде ортақ бір мақсат бар – ол теңізде аман-есен жүзу» деп жазған болатын. Яғни қай дәуірде болмасын азаматтардың бірлігі ортақ мақсат-мүддемен айқындалған. 

Мәңгілік елді мақсат тұтқан Қазақ елінің мүддесін Елбасы айқындап берді. Мақсат-мүддесі айқын Қазақстан халқы ауқымды мемлекеттік реформаларға араласа отырып, Елбасы атап өткен ішкі және сыртқы сын-қатерлерден сүрінбей өтіп, дамыған 30 елдің қатарына енуі үшін ел бірлігі деген идея аясында топ­тасуы орынды. Әрбір азамат қандай қыз­мет атқарса да, өмір сүріп отырған қо­ғамның мүшесі, ісінің шебері ретінде жауап­кершілікпен еңбек ете білуінің өзі мазмұнды тәрбиенің жемісі. 

Халқымыздың жүздеген жылдар бойы қалыптасқан рухани құндылықтар жүйесімен тәрбиеленген, ғылым-білімді игерген ұрпақ қалыптастыру арқылы аза­маттық біртектілікке қол жеткізе отырып, дамудың даңғыл жолына түсеміз деп ойлаймын. 

Тарихи сабақтастық жолы арқылы ұрпақ тәрбиелесек, ғылым жолымен ин­новацияға жол ашамыз. Бұл сонау «елім деген ерлердің» салып кеткен сүрлеуінен, «Қасым ханның қасқа жолы» мен «Есім ханның ескі жолынан» бастау алған, бү­гінде көшбасында Елбасы тұр­ған Тәуел­сіз Қазақстанның «Нұрлы жолы».



Тегтер: қоғам, тәрбие, мақала

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.