Әлихан Смайылов: «Қазақстанға тартылған инвестициялар көлемі 2 есе төмендеген»

22 Сәуір, 2019 152 0

NewsROOM+. ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайылов Үкімет отырысында Қазақстанға инвестициялар тарту мәселелері туралы баяндады. Бұл туралы Baq.kz хабарлайды. 

Жаһандық тікелей инвестициялар көлемі 2017 жылы 23%, 2018 жылы ол 19%, 1,2 трлн АҚШ долларына дейін төмендеген. 

«Тиісінше, инвестициялық ағындар үшін әлемде, әсіресе дамушы экономикалар арасында бәсекелестік күрт өсуде. Төмендеу тренді жалпы жаһандық деңгейде және дамушы елдерде байқалады. Әсіресе, дамушы елдерде инвестициялар үшін бәсекелестік өсуде. Осыны көршілеріміз айқын көрсетеді», - деп бастады сөзін Қаржы министрі.

Ол көрші мемлекеттерді мысалға келтірді. Мәселен 2019 жылы 15 наурызда Қытай «Шетелдік инвестициялар туралы» жаңа Заң қабылдады. 

Сарапшылардың бағалауы бойынша бұл 10 жыл ішінде олардың экономикасына 1,5 трлн АҚШ долларын тартуға мүмкіндік береді. Ресейде тікелей инвестициялар қоры құрылған. 50 аса жобаға 1,5 трлн рубльден астам сомаға инвестициялар жүзеге асырылды. Бұл ретте тартылатын шетелдік инвестицияларға мемлекеттік инвестицияның тепе-теңдігі 7-ге 1-ді құрайды. Ресейде негізгі капиталға инвестициялар деңгейі ЖІӨ 21%-ын құрайды, ал Қазақстанда бұл көрсеткіш 19%-ынан аз. Өзбекстанда да ағымдағы жылдың қаңтарында 1 млрд доллар капиталымен тікелей инвестициялар қоры құрылды. 

«Қазақстанда жалпы инвестициялар ағынының өсуіне қарамастан, таза инвестициялар көлемі 2016 жылғы 8,5 млрд доллармен салыстырғанда, өткен жылы 3,8 млрд долларды құрап, екі есеге төмендеді. Өкінішке қарай, экономикамыздың шикізаттық емес секторларына тікелей шетелдік инвестициялар олардың жалпы көлемінің үштен бір бөлігін ғана құрайды. Сондықтан, бізге сапалы инвестициялар тарту үшін жаңа тиімді тетіктер құру аса маңызды. Бұл саладағы инфрақұрылымды мұқият қайта қарау қажет», - деп айтты Смайылов.

Тегтер: ӘлиханСмайылов, министр, инвестиция

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.