Еуропада регби ойнайтын қазақ жайлы не білесіз?

25 Мамыр, 2018 136 0

2011 жыл. Жазы айы. Гер­ма­нияның Гейдельберг қаласының түстігінде орналасқан Хан­д­шусхайм шаһарында регбиден жастар арасында ел чемпионаты өтіп жатыр. Ұзындығы тай шаптырым жасыл алаңда қы­зылды-жасылды киінген екі топ регбишілер ортадағы жал­ғыз сопақша допқа таласып, қызыл қырғынды салуда.  

Бір сәт топтанып тұра қалып, күйек кезінде күйге түскен қошқарлар сияқты сүзіссе, одан қалды сопақ допты көз ілеспес жылдамдықпен ойыншылар бір-біріне лақтырып, допқа қолы жеткені жарды сүзген бұқадай ентелеп өлермендікпен алға ұмтылады кеп.  Әсіресе жасылдар сапында түбіт мұрты жаңа тебіндеген қара торы жігіттің атойлап шабуы сұмдық. Қолына ілінген со­пақ допты қолтықтай-құ­шақ­тап, екпіндей ұмылған ол қарсы кездескен жалпақ сарыны жер қап­тырып, кеуделей соққан тағы біреуді оң қапталға аудара лақтырып, сеңгір биіктен жем­ге шүйілген бала қырандай зу­лаған күйі ақ сызықтан асып жығылды. Голл!!! Жас жігіттің әбжіл жылдамдығы мен түз бүр­кіттей қарымына риза болған төрт қаптал толы көрермен тік тұ­рып қол соқты. Өз кезегінде түбіт мұрт қара торы да қарап қал­ған жоқ, жаппай қошемет көр­сеткен жалпақ жұртқа қолын көтеріп, бас иіп мезірет жасады.  Қарт құрлықтың төрінде, өз­дерін ақсүйек санайтын неміс­тер­дің елінде, жан беріп, жан алысқан регбишілер ортасында атой­лап жүрген бұл жігіттің есі­мі – Бөкейхан Әли. Ұлты – қазақ. 

* * *

Әңгімені әріден бастасақ Бөкей­хан 1993 жылы 12 нау­рыз күні Германияның Баден-Вюр­­темберг штатындағы Гей­дель­берг қаласында туыпты. Әке­сінің аты – Әли Сүрер. Әле­кең­мен телефон арқылы ха­бар­ласқанымызда, өзінің 1960 жылы Түркияның Салаһи қала­­сында туғанын айтты. 1969 жы­лы Әлидің ата-анасы жұ­мыс бабымен Алманияның Гей­дельберг қаласына көшіп келген екен. Содан бері бұл әу­лет тү­гел­дей осында тұрып жатыр. 1981 жылы Әли Сүрер мен Са­дия Құр­манбайқызы екеуі ша­ңырақ көтеріп, 1993 жылы егіз пер­зентті болған екен. Соның бірі Ра­бия атты қыз да, екіншісі бүгін­гі біздің кейіпкеріміз Бөкей­хан. Одан кейін де бұл отба­сына 1997 жылы Тәңір Құбы­лай және Шағатай атты егіз ұл сый­лапты. Отбасының қыс­қаша тарихы осы.  

* * *

Біздің кейіпкеріміз Бөкейхан алты жасында мектепке барып 1999-2003 жылдары Гей­дельберг қаласындағы Эммерц­гурнд бас­тауыш дәргейінде бі­лім алған. Одан соң 2003-2010 жылдары Гельмгольц гим­назиясын тәмам­даған. 2010-2013 жылдары өзі ту­ған қа­ладағы халықаралық жоғары заң оқу орнында оқып, 2014 жылы Мангейма универ­ситетінің ұжымдық құқықтану факуль­тетіне түсіпті. Қазіргі таңда осында білім алып жүр.  Ендігі сөз жас жігіттің спорт­тық жолына үңілсек, Бөкейхан 2001 жылы сегіз жасында рег­биді бастапты. 2004 жылы Ба­ден-Вюртемберг штатының жас­өспірімдер, кейін жастар құрамасы сапына қабылданып, 2011 жылға дейін осында тұрақ­ты өнер көрсеткен.  Осы аралықта мақала басында сипаттап өткеніміздей, жастар арасында Германия чемпионы атанып, ұлттық құрама қатарына қабылданып, Францияның Тар­бе қаласында өткен Еуропа чемпионатында өнер көрсетіпті. Сөйтіп бір жылдың ішінде  Бө­кейхан Әлиұлы болашағы зор жас регбишіге бұйыратын «ТВ Pforzheim» кубогын иеленіп, оның командасы Бундеслигада күміс жүлдеге қол жеткізеді.  Келесі 2012 жылы жасындай жанып, қырандай түлеп көзге түскен жас жігітті Түркияның ұлттық құрамасы аттай қалап, қатарына қосқан.  2013-14 мау­сым ойындарында түркиялық регбишілер еуропалық ұлттар кубогының үшінші дивизонында өнер көрсетіп, бір топқа түскен Словакия құрамасын 31:5, әзербайжандықтарды 53:3 есе­бімен тізе бүктірсе, Таллин қаласында Эстонияны 49:5 есебімен жеңді. Осы сайыстарда біздің бала мамандар тарапынан «үздік ойыншы» ретінде бірауыздан мойындалды.   Қазіргі таңда Шахин Көмүр­­кіс басқарып отырған түрік регбишілері даму үстінде. Соңғы жылдары халықаралық дебютіне қатысқанымен IRB құрамына іліге алмады. Бірақ соған қара­мастан түркиялықтарды Еуро­па регби федерациясының мүше­сі ретінде қабылдады. Осы­ның арқасында команда дәл бүгін халықаралық регби – 15 жо­ға­ры деңгейлі матчтарда өнер көр­сетуде.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Тегтер: бекен, қайратұлы, германия, регби, спорт

Пікір қалдыру