Еліміздегі ақша массасының көлемі 21,4 трлн теңгені құрап отыр

06 Наурыз, 2019 172 0

2019 жылы инфляция деңгейі Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі белгілеген дәліз шеңберінде сақталады.

Бұл пікірді «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ Талдау және әлемдік экономика орталығының директоры Айбол Арғынғазинов білдірді, деп ҚазАқпаратқа сілтеме жасап, newsroom.kz хабарлайды. 

Сарапшы Мемлекет басшысының «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде көтерген табысы төмен азаматтарды қолдау мен өңірлік дамудағы айырмашылықтарды кеміту жөніндегі тапсырмасы мезгілі жеткен мәселе екенін атап өтті. Бұл мақсатта алдағы 3 жылда Ұлттық қордан қосымша 1 триллион 350 миллиард теңге бөлінеді. Ал биыл Ұлттық қордан 250 миллиард теңге бөлу көзделген. 

«Экономикалық зерттеулер институтының болжамы бойынша, басқа факторларды ескермегеннің өзінде тек Мемлекет басшысының бастамаларын іске асыру Қазақстанның ЖІӨ-нің өсуін 0,3 пайыздық тармаққа арттырады. Жалақысы төмен және әлеуметтік аз қорғалған қоғам мүшелерінің табысының артуына байланысты экономиканың өсуі инклюзивті бола түседі, яғни әлеуметтік даму, цифрлық және басқа да теңдіктерге негізделеді», - деді экономист. 

Оның айтуынша, 2019 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша еліміздегі ақша массасының көлемі 21,4 трлн теңгені құрап отыр. Қосымша бөлінетін 250 миллиард теңге жылдың екінші бөлігінде теңдей бөліктермен бөлінетіндіктен, инфляциялық үрдістерге ықпал етпейді. 

«Кепілдендірілген трансферттерді қоса алғанда Ұлттық қордан жалпы трансферттердің көлемі 2019 жылы 2,7 трлн теңгені құрайды. Бұл сома 2018 жылғы сомамен шамалас (2,6 трлн теңге) және 2017 жылғы сомадан төмен (4,4 трлн теңге). Ұлттық қордан экономикаға қомақты қаржы бөлінуіне қарамастан, 2017 жылы инфляция бекітілген дәліз шеңберінде қалып, 2016 жылға қатысты төмендеген болатын. 2020 және 2021 жылдары Ұлттық қордан әлеуметтік қолдауға бөлінетін қаражат (1,1 трлн теңге) теңдей бөлінетіндіктен, трансферттердің жалпы көлемі сәйкесінше 2,85 трлн және 2,55 трлн теңгені құрайды. Бұл сома 2018 жылғы көрсеткішпен бір шамада, ал 2017 жылдан төмен. Осылайша, біздің есептеулеріміз бойынша 2019 жылы инфляция деңгейі Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі белгілеген дәліз шеңберінде сақталады», - деді Айбол Арғынғазинов.




Тегтер: экономика, инфляция, банк, теңге, ақша

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.