«Яндекс.Ақша» қолданушылары қаржыны карточкасыз алмақ

20 Мамыр, 2018 290 0

Ресейлік «Яндекс.Ақша» қосымшасы «Райффайзенбанкпен» бірлесе отырып жаңа жобаны іске қосып отыр. Аталған жобаның басты ерекшелігі енді банк пен қосымша тұтынушылары банкоматтардан ақшаны карточканың көмегінсіз ала-алады. Тек арнайы кодты терсе болғаны. Бұл туралы РБК басылымы хабарлап отыр. 

Ендігі кезекте «Яндекс.Ақша» қолданушылары қызмет түрінің сайтына кіріп, «Банкоматта қаржыны картасыз алу» бөлімін таңдап, өзіне қажетті соманы таңдауы тиіс. Айта кететін жайт, ол үшін арнайы СМС верификациядан өтіп, қауіпсіздік мәселесі қатаң түрде қарастырылған. Бұл қазіргі уақыттағы тың жоба болғандықтан, банкоматтан алынатын қаржы көлемі 5000 рубльден (шамамен 25 000 теңге) аспауы тиіс.

Келесі кезекте, сайт қолданушының электронды поштасына арнайы сегіз сандық кодты жібереді. Кодты терген соң, СМС хабарлама арқылы келген ПИН кодты теріп, қажетті сумманы енгізуге болады. Бұл жерде басты айта кететін жайт, екі факторлы авторизация жүзеге асып, отыр. Тұтынушы әлдеқандай жағдайларға байланысты тағы да қосымша қаржы алмақ болса, жоғарыдағы операцияларды басынан қайталау керек болады.  

  Бұл қызмет түрі қолданушылардың қалтасынан 3 пайыз комиссиялық шығындарды (100 рубль немесе 500 теңге шамасы) ұстап қалады. Жоғарыда жазғанымыздай банкоматтан картасыз бір реттік қаржыны шешуге 5000 рубль шамасында лимит қойылса, тәуліктік көрсеткіш 30 мың, ал айлық көлемі 150 мың рубльден аспауы қажет. Ең төменгі қаржы көлемі 500 рубльды (шамамен 2500 теңге) құрап отыр. 

  Сәуір айында мұндай қызмет түрін еліміздегі ресейлік «Сбербанк» өкілдері де қосқан еді. Ашық дереккөздердегі мәліметтерге сүйенсек, соңғы екі айда осы қызмет түрі арқылы банк тұтынушылары 50 млн теңгеге жуық қаржыны карточкасыз алған. 

«Яндекс.Ақшаны» мысалға келтіріп отырған себебіміз, бұл – Халықаралық деңгейдегі банкпен осындай тың жобаны қолға алып отырған тұңғыш мобильдік қосымша. 

Сондықтан, алматылық отандасымыз іргесін қалаған ірі холдингтің бұл бірінші жобалары емес. Мәскеу қаласындағы кептелістерге арнап жасаған қосымшалары 20 миллиондық мегаполис тұрғындарының күнделікті қажеттіліктеріне айналғаны қашан. 

Астана қаласында күнделікті өтіп жатқан IT саласындағы жиындарда отандық қосымша жасаушылар осындай жобаларды да дүниеге келтірсе деген қысқаша ой еді біздікі.

Нұрсәуле АМАНГЕЛДІ, 

IT сарапшысы

 


Тегтер: яндекс, аналитика, ақша, қосымша, банк, қаржы

Пікір қалдыру