Өмірзақ Шүкеев: Бізді енді күндіз-түні атқаратын қауырт жұмыс күтіп тұр

28 Ақпан, 2019 768 0

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезінде айтылған Президенттің әлеуметтік бастамалары туралы пікір білдірді, деп ҚазАқпаратқа сілтеме жасап, newsroom.kz хабарлайды.

«Нұр Отан» партиясының бастамалары өте дұрыс әрі дер кезінде қолға алынды деген ойдамын. Оның көпшілігі әлеуметтік салаға бағытталып отыр. Біріншіден, әлеуметтік салада еңбек ететін, жалақысы төмен бюджет қызметкерлерінің айлығын өсіру - барлығы да күтіп отырған өзекті шаруа. Одан кейін көпбалалы отбасылар үшін әр балаға 21 мың теңгеден жәрдемақы төлеу - үлкен көмек. Атаулы әлеуметтік көмектің механизмін жетілдіру мәселесі де өте өзекті», - дейді Өмірзақ Шөкеев. 

Түркістан облысының әкімі көпбалалы отбасыларды қолдау бағытындағы жұмыстарды атқару үшін адами факторды ысырып тастап, барлығын да цифрлық жүйе арқылы жүзеге асыру керектігін ерекше атап өтті. 

«Әр бала дүниеге келді ме, ол бірден тізімге енуі керек. Қағаз жинап, әр есікке жүгіруден арылған абзал. Бірақ, арасында техникалық себептермен тізімге енбей қалғандар болса, олармен комиссия жұмыс жүргізуі керек. Кеше өзіңіз көргендей бәріне ауқымды тапсырма берілді ғой. Енді барып елмен ақылдасамыз. Өйткені, бұл бағытта бұрын-соңды болмаған қаражат бөлініп жатыр», - дейді ол. 

Өмірзақ Шөкеев кешегі съезд барысында аса қомақты сомалар туралы айтылғанын тағы еске салды. 

«Түркістан облысы - халқы көп өңірлердің бірі болғандықтан, осы соманың белгілі бір бөлігі міндетті түрде бізге бөлінер деген ойдамын. Біз министрліктермен тиісті жұмысты атқаратын боламыз. Бюджет күзде қабылданатыны белгілі. 20 күннен кейін бұл бағытта өз ұсыныстарымызды алып келеміз. Бізді енді күндіз-түні атқаратын қауырт жұмыс күтіп тұр», - дейді Түркістан облысының әкімі. 

Айта кетсек, кеше елордадағы Тәуелсіздік сарайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезі өтті. Жиында Мемлекет басшысы халықты қолдауға арналған біршама әлеуметтік бастамалар туралы сөз қозғаған болатын.  



Тегтер: нұротан, партия, шүкеев, түркістан

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.