Белгілі актриса қаза тапқан жол апаты: Жаңа деректер шықты

11 Қаңтар, 2019 272 0

Белгілі актриса Шолпан Елгезек пен тағы да екі адамның өліміне күдікті Gelandewagen жүргізушісінің жол апаты болардың алдында қайда болғаны анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Қайғылы оқиғаның жай-жапсары туралы қалалық Полиция департаменті айтып берді «Gelandewagen көлігін тізгіндеген мас адамның Абай көшесінде Митсубиси Галантты соғып, үш адамның өмірінің қиылуына себепкер болғанын білеміз. Бірақ сол жүргізушінің «Grand Opera» түнгі клубында арақ ішіп, клубтан мас күйінде шыққанын біреу білсе, біреу білмейді. Түнгі клубтар мен барлардың қожайындары көп жағдайларда  құқық бұзушылықтарға жол беріп жатады», - деді қалалық Полиция департаменті басшысының орынбасары Ізбасар Бектұров. 

Полиция өкілінің айтуынша, қаладағы көптеген құқықбұзушылықтар көңіл көтеретін орындардың басшыларының жауапсыздығынан болып отыр. Былтырдың өзінде түнгі клубтар мен дәмханалардан полицияға 2 мыңға жуық  қоңырау түскен. Клуб басшылары клиенттердің көпшілігі өз көлігімен келгенін көре тұра, оларға алкогольді ішімдік сата береді.

«Жаңа жыл түні қарсаңында «Пионерская правда» түнгі клубында келушілер өзара дау-жанжал шығарған. Соның салдарынан  клубқа келушілердің бірі ауыр жарақат алып,  көз жұмған. Сонымен қатар, «Чукотка» барының қасында болған төбелестен де бір ер адам мерт болғаны белгілі. Оған қарамастан ол клуб маңында әлі де ұрыс-төбелес толастар емес. Осындай келеңсіз оқиғалар клуб әкімшілігінің дұрыс жұмыс жасамауынан орын алады»,- деді полковник Бектұров. 

Тәртіп сақшысы клуб қожайындарының күзетшілерді көшеден жалдайтынын тағы атап өтті. «Мекемелердің 50 пайызы күзет қызметін сырттан жалдайды. Олардың көпшілігінің дау-жанжалды ушықтырмай шешуде тәжірибесі жоқ. Осыдан 1 ай бұрын «Эверия» дәмханасында 1 бойжеткен көз жұмды. Дәмханада қауіпсіздік шараларын тек 1 ғана күзетші қадағалаған. Бұл қызметкердің лицензиясы болмағандықтан, ол қажетті қауіпсіздік шараларын қабылдай алмады», - деді ол. 

Айта кету керек, полиция қаладағы ең криминогенді демалыс орындарының тізімін жариялаған болатын. Бұған дейін Алматыда жол апатынан танымал актриса Шолпан Елгезек пен тағы екі кісі көз жұмды. 

Тегтер: кісіөлімі, қылмыс, жолапаты, Алматы, актриса, сот, оқиға

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.