АҚШ Сириядан әскерін шығара бастады

05 Қаңтар, 2019 75 0

АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео америкалық әскерилердің Сириядан әкетіле бастағанын мәлімдеді. Бұл туралы ол Newsmax телеарнасына берген сұхбатында айтты.

Помпео президент Дональд Трамп «Таяу Шығыста тұрақтылық орнату» шараларын жасау ниетінен айнымағанынын айтты. Оның сөзінше, АҚШ «Ислам мемлекеті» экстремистік ұйымы мен Дамаскіге қолдау көрсететін Иранға қарсы кампаниясын тоқтатпайды.

Помпео сонымен қатар АҚШ Түркия әскерінің Сириядағы «күрдтерді қырғынға ұшыратпайтынына» көз жеткізгісі келетінін айтты.

Дональд Трамп Сириядан АҚШ әскерінің шығарылатынын 19 желтоқсанда хабарлаған. Ол АҚШ басқаратын халықаралық коалиция Сирияда «Ислам мемлекеті» экстремистік ұйымымен күресте жеңіске жеткенін мәлімдеген. Алайда, АҚШ армиясының қолбасшылығы президенттің шешімімен келіспей, әскер шығаруға әлі ерте екенін мәлімдеген.

1 қаңтарда Трамптың әскер шығаруды кешеуілдетіп, төрт ай уақыт бергені белгілі болған. БАҚ-тың мәліметінше, АҚШ президенті Сириядағы әскерилерге қатысты шешімін өткен аптада Ирактағы америкалық әскери базаға барған соң өзгерткен. Әскер басшылары жиһадшылардың толық күйремегеніне Трамптың көзін жеткізген.

Сириядағы Башар Асадқа бағынбайтын аумақта АҚШ-тың екі мыңға тарта әскері орналасқан. Олар халықаралық коалиция құрамында «Ислам мемлекеті» ұйымымен күрес жүргізіп келеді.

Түркия ИМ-ге қарсы АҚШ жағында соғысқан күрд жасақтарының Күрдістан жұмысшы партиясымен байланысы бар деп біледі. Түркия мен көптеген ел, оның ішінде Еуропа Одағы Күрдістан жұмысшы партиясын террорлық ұйым деп санайды. 

Дереккөз: Азаттық

Тегтер: Сирия, АҚШ, әскер

Пікір қалдыру