СҚО Уәлиханов ауданы Баян-Өлгейден еңбек күшін әкелмек

29 Сәуір, 2018 274 0

Баян-Өлгей аймағының Аймақтық азаматтар өкілдері құрылтайының төрағасы Бауыржан Дәлелұлының шақыруымен Солтүстік Қазақстан облысы Уәлиханов ауданының әкімі Медет Оспанов бастаған ресми өкілдер Баян-Өлгей аймағына іс-сапармен барды, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

Моңғолиялық МОНЦАМЭ агенттігінің жазуына қарағанда, аудан әкімі бастаған топ кеше Өлгей қаласының тұрғындарымен кездесіп, Қазақстанға соның ішінде солтүстік өңірге еңбек күші ретінде барғысы келетін жастармен жолықты.

Кездесу барысында әкім Қазақстанға көшіп келгісі келетін азаматтарға берілетін көмектер мен квота, оларды орналастыру мәселелерін түсіндірді.

Оның айтуына қарағанда, өзі басқарып отырған Уәлиханов ауданына дәрігер, медбике, ағылшын тілі мұғалімі, музыка маманы, ІТ маманы, математика, химия, психолог мұғалімі, малшы, тракторшы қатарлы мамандықтарға қызметкерлер керек екені белгілі болды.

Бұл сапардың басы өткен айда басталған болатын. Онда Баян-Өлгей аймағының Аймақтық азаматтар өкілдері құрылтайының төрағасы Бауыржан Дәлелұлы аталған Уәлиханов ауданына арнайы барып, өңірге Баян-Өлгейден еңбек күшін тарту бойынша екі жақты келісім жасауға ұсыныс білдірген еді. Және сол кезде аудан әкмшілігін Баян-Өлгейге келіп, еңбекке жарамды азаматтарды өз көздерімен көріп қайтуға шақырған болатын.

Тегтер: Моңғолия, Қазақстан, еңбеккүші, Уәлихановауданы

Пікір қалдыру