Елбасы мақаласындағы бағдарлама аясында Түркістанда 97 нысан іске қосылды

24 Желтоқсан, 2018 2311 0

Елбасымыз   «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Туған жер»  арнайы жобасын ұсынған болатын. Бүгінде осы жоба аясында  Түркістан облысында бірқатар жұмыстар атқарылды.

 Қуанарлығы, «Туған жер» бағдарламасына кәсіпкерлердің ықыласы арту үстінде. Мемлекет басшысының «Туған жерге, оның мәдениеті мен  салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі» деген ұстанымын үлгі тұтқан кәсіпкерлер мен ел азаматтары түрлі нысандардың құрылысына демеушілік жасап, туған өңірді гүлдендіруге белсене кірісіп кетті.

Нақтырақ айтсақ, биыл Түркістан облысында «Туған жер» арнайы жобасы бойынша демеушілердің көмегімен 97 нысан іске қосылды. Аяқталған 97 нысанның  28-і білім мекемелерінің құрылысы болса,  3 ғимарат қайта жөндеуден өткізілген. Сонымен бірге, 2-і медицина мекемесі, 12 спорт нысаны ашылса, 2 спорт алаңы жөнделді. 15 мәдениет нысаны пайдалануға беріліп, мен 5 қайта жөндеуден өткізілсе, абаттандыру бойынша  30 жоба іске асырылған. 

Жомарт кәсіпкерлердің демеушілігімен нысандар ел игілігіне қызмет етіп жатыр. Мәселен, Отырар ауданында құны 248 млн. теңгені құрайтын спорт кешені мен бокс залы спортсүйер жастарға есігін айқара ашты. Ал, Бәйдібек ауданында 14,3 шақырым жолға «Ақылды шам» желісі орнатылған. Бұл игі іске демеуші кәсіпкер құны 195 млн. теңге жұмсаған. Қазығұрт ауданындағы құны 100 млн. теңге құрайтын Салқам Жәңгір хан мен Жалаңтөс баһадүрге арналған мемориалдық кешені, Кентау қаласындағы құны 80 млн. теңгені және Сарығаш ауданындағы құны 50 млн теңге құрайтын спорт кешендері де елге қызмет етуде.  Төлеби ауданында ашылған «КазМед» медициналық орталығы, Сайрам ауданында 125 орындық балабақша және өзге де әлеуметтік нысандар туған жерін сүйетін кәсіпкерлердің көмегімен салынған.

Меценаттардың еңбегін қолдау мақсатында 2018 жылғы шілде-қазан айларында 16 аудан, қалада «Жомарт жүрек» сыйлығының 1-кезеңі өткізіліп, облыстық деңгейдегі қорытынды жиында 20 азамат  марапатталған.

Тегтер: рухани, жаңғыру, түркістан, түймебаев

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.