Қазақстан Илон Маск зымыранымен екі жерсерік ұшырды

04 Желтоқсан, 2018 98 0

Астана уақытымен 00 сағат 32 минутта Калифорниядағы Ванденберг базасынан Falcon 9 Block 5 зымыран-тасығышы ұшырылды. Ол зымыран-тасығыш орбитаға шағын спутниктер мен кубсаттардың рекордтық санын алып шықты, деп хабарлайды newsroom+ порталы  ҚазАқпарат-қа сілтеме жасай отырып.


Бұдан бұрын хабарланғандай, кешенді ұшырудың тапсырыс берушілері 17 елдің (Австралия, Бразилия, Финляндия, Германия, Үндістан, Италия, Иордания, Қазақстан, Нидерланды, Польша, Оңтүстік Корея, Испания, Швейцария, Таиланд, Канада, Ұлыбритания, АҚШ) 34 операторы (25 компания) болып отыр.

Space X компаниясының хабарлауынша, осы миссия компанияның және барлық америкалық зымыран-тасығыштардың тарихындағы сапалы жүктеме ретінде аппараттардың саны жағынан ең ірі ұшыру болды.

64 спутниктің ішінде Қазақстан Республикасының екі ғарыш аппараты бар. Біреуі KazSTSAT - салмағы 100 келілік технологиялық маңызды спутник. Шағын спутник SSTL-X50 алаңында құрастырылған. Орбитаның биіктігі - 542 шақырым. Спутникті 2015 жылдан бастап SSTL (Surrey Satellite Technology Ltd) ағылшын компаниясының базасында «Ғалам» бірлескен компаниясындағы қазақстандық мамандар құрастырған.

Спутник табиғи апаттарға мониторинг жасау, ауыл шаруашылығына мониторинг жасау, судың сапасын анықтауға арналған.

Қазақстанның екінші ғарыш аппараты - салмағы 5 келілік KazSciSat 1 кубсаты. Оны «Ғалам» бірлескен компаниясы (LLP Ghalam) құрастырған. Ғылыми наноспутник Жердің магниттік аумағын өлшеуге арналған.


Еске салсақ, Қазақстан Илон Маск зымыранымен жерсерік ұшыратындығы туралы «Digital Bridge» халықаралық инновациялық форумында ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Марат Нұрғожин  хабарлаған болатын.

Атақты америкалық  өнертапқыш Илон Маск SpaceX және Tesla компанияларының негізін қалаушы. 

 


Пікір қалдыру