Сан алуан Саудия (жолсапар жазбасы)

02 Желтоқсан, 2018 157 1

Кіріспе немесе Сауд сапары қалай басталды?


Сауд Арабиясы корольдігінің Эр-Риядтан кейінгі экономикалық астанасы – Жидда қаласына жолымыз түседі деп кім ойлаған? Адамның басы Алланың добы деген сөзі қазақ қалай дәл айтқан. Күз айларының бірінде ҚР СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров мырза бір кездескенімізде – Сауд Арабиясына барасың ба? Журналистерге арналған шара өтеді – деді. Жаппарқұлда жан бар ма? – Иә – дедім жұлып алғандай.

Құжат жіберу, виза рәсімдеу жұмыстары басталды да кетті. Қажылыққа баратындарды қайдам, бірақ журналист ретінде Сауд Корольдігіне кіру үшін 600 АҚШ долларына жуық қаржы төлеу керек екен. Іс-шараны өткізуші штаб-пәтері Жидда қаласында орналасқан Ислам ынтымақтастығы ұйымы бар шығынды мойындарына алып, - келе беріңіз қаржылық төлемдеріңіздің орнын толтырамыз - деп көңілді бір демеп қойды.

Виза мен билет қолда


Байқауымша қазіргі елшіліктер мен консулдықтар бар жұмысты жеке компанияларға жүктеп, бүкіл қағаз жұмысты ысырып, тек паспортқа мөр басар кез бен сөйлесер сәтте ғана өздеріне шақыратын секілді. Журналистік ойға салып, е, бұл да бір аутсорстың түрі екен ғой деп Астанадағы туристік компаниядағы бар шаруаны бітірдік. Қараша айының бас кезінде әуе билеті мен қонақ үй ваучері қолға тиді де, 13 қараша күні Жидда қайдасың деп Астанадағы әуежайға ат басын бұрдық. Интернет парақшаларынан оқып білгенім, Жидда деген сөздің мағынасы «әже» деген ұғымға саяды екен. Тереңірек оқитын болсаңыз, оның түбі Адам ата мен Хауа анаға барып тіреледі. Аңыз бойынша Адам ата қазіргі Шри-Ланка аралына табан тіресе, Хауа ананың көзі қазіргі Жидда қаласының орнында жұмылған дейді. Оның анық-қанығын кім білген, ашық дереккөздерден білгеніміз осы болды.

Астанадағы әуежайға жеткенімде домбыра тартып, ән айтып тұрған бір топты көріп, ақырын барып көрмекке бел будым. Қарасам кіл мықтылар. Балғынбек Имаш ағамыз бен Үмітхан Мұңалбаева апайларымызды және елордадағы Ұлттық академиялық кітапхана ұжымын көріп, қуанып қалдым. Қазақ әдебиеті мен мәдениетін Берлинде насихаттамаққа бел буған топ екен. Кеден бекетінен өтіп, ішке енгенімде танымал журналист Нұртөре Жүсіп ағамызды да көріп қалдым. Дереу барып, сәлем бердім. Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ кездесу кеші өткенін естігем. Бара алмағаныма өкініп жүр ем, көктен іздегенім жерден табылып, ағамызбен тілдесіп қалудың сәті түсті. Әп-сәтте суретке түсіп алдық. Осылай отырғанымызда Көпен Әмірбек ағамыз бен жазушы Сәуле Досжанова апайларымызды көріп, аз-кем қастарында отырып, әңгімелерін тыңдап үлгердім. Мұндай кісілерді күнде көрмесің анық және сөйлеген сөздері қандай. Ұзақ жолдың алдында жақсылыққа жорыдым.


Астана–Стамбул–Жидда


«Түрік әуе жолдарының» жанға жайлы екені баршаңызға мәлім. Кіре берістен бір құшақ газетті қолға алып, ұшақ бортына кіре берістегі бизнес санаттағы бөлімінен танымал түрік саясаткері, бұрынғы Сыртқы істер министрі Ахмет Дәуітоғлыны бірден таныдым. Елордада өткен «Астана клуб» шарасына қайтып бара жатқан болар деп топшыладым. Әлем таныған азамат қой. Амандасуға ауылда өскен ұяңдық жібермеді. Әйтпесе, мұндай мүмкіндік күнде тумасы анық қой. Әуеде тербеліп отырып ұйықтап қалыппын. Ататүрік әуежайына келіп қонғанда жаңбыр жауып тұрды. Арқанын аязынан соң, сәл жатсынып қалдық. Стамбулдың әуежайын құмырсқаның илеуі секілді. Құжынаған халық көп. Наполеон айтқандай Стамбул шынымен де батыс пен шығыстың, Еуропа мен Африканың ортасы іспеттес. Жиддаға ұшқанға дейін 5 сағат уақыт бар. Ақырын барып, кофеханалардың біріне барып, көз шырымын алдық. Дәл жанымда сөйлескен кісілердің дауыстарынан оянып кеттім. Мажар тілінде сөйлесіп отырды. «Игән» деген сөздері мен өздеріне тән жұмсақ мақамдарынан бірден танып, ұйқы шайдай ашылды. Жиддаға ұшатын рейс нөмірі нақтыланбай біраз отырдық. Сағат 12:00 таман 307 қақпа арқылы ұшатынымызды біліп, астыңғы қабатқа түстік. Қаптаған пәкістандықтар. Шамасы қажылыққа бара жатқан секілді. Ұшақ кешігіп ұшты. Бір қызығы ұшар алдын Құран оқылып, құлшылық жасалды. Бет сипап, жол амандығын тілеп, жанымда отырған Зубейр есімді пәкістандық жігітпен таныса бастадық. Жас шамасы менімен құрдас. Жиддада өздерінің тігін фабрикалары бар екен. Ата-бабасынан бері Саудияда тұратынын, бірақ әлі азаматтық алмағанын және бермейтінін де айтып қалды. Карачиға барып, киім тігуге қажетті маталар қарап келе жатқанын жеткізді. Бар жердегі барлық адамның арманы да қайғы мұңы да бір секілді. Ұшақта wi-fi қосылған сәтте отбасымен бейне қоңырау арқылы сөйлескен Зубейр былтыр ғана үйленгенін, кішкентай қызы бар екенін айтып, сағынышымен бөлісіп отырды.

Әлеуметтік желідегі жазбадан:

-Өзбексіз бе? - деп сұрады Стамбулдан Жиддаға ұшып бара жатқан ұшақта телефонымнан wi-fi қоса алмай әбігерленіп тұрған бортсерік түрікше.

-Жоқ. Қазақпын,-дедім де бортсеріктің бейджіндегі Dilek деген жазуға көз тастап, Тілек пе? - деген сауалыма, -Иә,-деп ағылшынша жауап қатты да, -түркімен - екенін Түркияда туғанын, Астанада болғанын, біраз жаурап қалғанын ақырын сөйлеп түрікше жеткізді. Түркияда этникалық түркімендер бар ма? - дегеніме оғыздардан тарайтын Каспийлік туғандардың Ататүрік елінде баршылық екенін білдім.

Түрік-қазақ-ағылшын тілдерінен винегрет жасап, өзара біршама сөйлестік. Бұл туысқандық дегенді қойсаңызшы әңгіме арасында 4-5 шыны түріктің кофесін тәттісімен қосып, 4-5 стақан сумен жылжытып-ақ тастаппыз. Көріп отырған кино мен блокноттағы жазу жайына қалды.

4 сағатқа жуық сапарымыз әп-сәтте осылай өте шықты. Тек арасында роумингтің кесірінен қосылмай қалған wi-fi болмаса, бірақ оны қойшы бәрібір керек болмас еді...


Жаз кейпіндегі Жидда


Төрт сағатқа жуық ұшып, Жидданың шетіне іліндік. Мұнай өндіретін мұнаралар алыстан көріне бастады. Қаланың үстінен ұшып, әуежайға қонар сәтте – анау  тұрған биік ғимараттың дәл алдындағы менің үйім - деп Зубайр балаша қуанды. Еріксіз мырс ете қалдым. Ұшақтан шығар сәтте ыстық леп бірден кеудеге ұрды. Тұншығып қалғандай болдым. Траптың дәл алдындағы автобусқа тез-тез басып кіргенде ғана бар күшімен жұмыс істеп тұрған салқындатқыштан жан сақтадық. Мұнымды байқаған Зубайр - қазір қыс ауасы, күн салқын екенін, жаздағы ыстықты көрмегенімді айтты. Телефон + 30 градусты көрсетіп тұрды. Көрмей-ақ та қояйын деп терезеден сыртқа көз тастадым.

Жидда


Нәзір Төреқұловты есіме алдым. ХХ ғасырдың басында Саудияға 2-3 ай пароммен жетіп, ми қайнаған ыстықта екі елдің арасында дәнекер болды. Мынандай құмды әрі ыстық елде қайран бабам қалай ғана шыдадың екен деп еріксіз пендешілік ойға ерік бердік. Абдалла король атындағы әуежай Ататүрікпен салыстырғанда шағын көрінді. Бірақ қызметкерлерің дені бангладештіктер мен пәкістандықтар секілді көрінді. Зубайр жергілікті халықтың қара жұмыс істемейтінін ондай кәсіп Непал мен Үндістаннан келген еңбек мигранттарына тиесілі екен көзімнен оқып қойғандай айтып берді. Кеден бекеті мен қауіпсіздік қызметіндегі қызметкерлер түгел ұлттық киімдерінде отырды. Құлақтарында соңғы үлгідегі құлаққап пен қолдарында күміс пен бриллианттан өрілген сағат пен браслет. Сырт көз сыншы ғой. Ондайды дереу байқайды екенсің. Сыртқа шыққанымда аты-жөнім жазылған қағазды ұстап тұрған Самир есімді жүргізуші күтіп алды. Суданнан келіпті. -Хартумда туып-өстім. Қазір ИЫҰ қызмет етемін деп қалаға алып кірді. Біз жайғасқан «Рэдиссон Блю» әуежайдан әжептеуір алыс екен. Көз байлана бастады. Көшедегі қымбат көліктерден көз сүрінеді. Күн бата қонақ үйге жеттік. Ертеңгі күнге дайындалып, маңызды шара қағаздарын бір пысықтап ұйықтап кетіппіз. Жаурап ояндық. Дала ыстық, қонақ үй суық. Салқындатқышты әрең өшірдік. Саудияға келсеңіз, салқындатқышқа дайын дайын болыңыз.

Таңғы тоғызда бүкіл шараға дайын отырдық. Мозамбиктен келген Жоан және Тоголық Эрвинмен біраз сөйлестік. Ортақ тіл – ағылшынша. Әйтпесем, Мозамбикте – португал, Тогода – француз тілі мемлекеттік екен. Жоан – ақпарат, Эрвин болса, Сыртқы істер министрлігінің ақпарат саласында жұмыс істеймін – деді. Мозамбиктің ақпарат министрі өткен жылы Астанада болыпты. – Менің министрім Астанананы өте мақтады. Тап-таза қала, заманауи Астана. Мен де барғым келеді – деген Жоанға small world – деп  пәлсапалық тұрғыдан жауап бердім. Себебі, 15 қараша Қазақстанда философтар күні еді.

Моад


Семинар басталар сәтте қасыма келіп отырған Моад есімді жас жігіт - қырғызсың ба? - деп сұрады. – Жоқ, қазақпын дегенімде анасының ұйғыр екенін осыдан 150 жыл бұрын нағашысының Қытайдан қоныс аударғанын қазір анасының ұйғыр асханасы бар екенін айтып біраз әңгіме айтты. Журналист, доктор және блогерлік пен кино актерлықты қатар меңгерген әмбебап жігіт көрінді. Өткен жылы Моңғолияда болғанын бүркітпен аң аулағанын, қазақтарды жақсы көретінен айтқанда желпініп қалдық. Өйтпей ше 6000 шақырым жырақта жүріп, жат елдегі қандасыңды мақтап жатса, оны басынан өткізген адам ғана түсінеді ғой деп ойлаймын.


Ислам ынтымақтастығы–іргелі ұйым


Семинар басталып кетті. Алдымен Құран оқылды. Білгенімізше дұға қылып, бет сипадық. Саудияның ақпарат министрлігінің өкілі баяндама жасады. Артынан ИЫҰ Бас хатшылығының өкілі сөз алды. Ұйым туралы, жаңа медианың жұмысы туралы біршама құнды әңгімелер айтылып, әрбірімізді таныстыра бастады.

Өзімнің журналист екенімді және ҚР СІМ жібергенін айтып, келесі сөзді Моадқа бердім. Таңертең басталған ісшара кешкі сағат 17:00 бітті. Қолымызға қатысты деген сертификат пен Ынтымақтастық ұйымының жұмысына қосқан үлесі үшін деген медальді да тапсырды.

Көп-көрім ақпарат алдық. Он қабаттан астам еңселі ғимаратқа орналасқан Ислам ынтымақтасығы ұйымының ішкі жұмысымен тікелей таныстық. Мұнда да қаптаған қағаз бен кеңсе ішінде ерсілі-қарсылы жөңкілген дипломаттар. Құрамына 57 ел кіретін Халықаралық ұйымның адам саны - 1,5  млрд адамды құрайды екен. Бұл дегеніңіз БҰҰ-нан кейінгі ауқымы жағынан екінші ұйым деген сөз. Қайбір жылы қазақстандық кәсіби дипломат Асқар Мусинов ағамыз дәл осы ұйымның Бангладеште өткен жиынында Бас хатшының ғылым және жаңа технологиялар жөніндегі орынбасары болып сайланды. Сондықтан, бұл жетістігімізді қазақ дипломатиясының бір жеңісі деп есепке алсаңыздар болады, қадірлі оқырман. Айтқандай, ҚР СІМ 1987 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан кәсіби дипломат Асқар Ахметұлынан алған арнайы сұхбатымызды осы мақаладан соң, оқи аласыздар. Біршама қызықты деректерді сұрай алдық қой деп ойлаймын.

Әріптестермен


Шара бітіп, қонақ үйге қайттық. Албаниядан келген журналист әріптесімізбен біршама тілдесіп үлгердік. Анкарада ғылыммен айналысып жүр екен. Жол-жөнекей дүкенге соғып, ихрам алды. Меккеге барып, кіші қажылығын өтемек екен. Зерттеу тақырыбым – жаңа медиа мен оның ИЫҰ алатын орны деген ол Қазақстанды білетінін Албаниядағы университетінде қазақстандық ғалымдардың ізденіс жұмыстарымен жүргенін айтып қалды. Қала атын сұрастырып білгенімізбен ұмытып қалдық. Тілге қиын, жаттауға ауыр солтүстік-батыс Албаниядағы шағын бір қаланы сол күйі есімізге түсіре алмадық.


Жиддада жалғыз жүрмеңіз!


Кешкісін Жиддадағы консулымыз Дәулетпен қаланы аралауға шықтық. Әйгілі бас шабатын алаңды көрсетті. Жылына бір рет кешірілмес қылмыс істегендерді және ауыр заң бұзғандарды алаңға әкеліп бастарын қылышпен шауып тастайын көрінеді. Ол үшін арнайы баскесерлер жұмыс істейді екен. Былай қарасаң, адамның жаны түршігетін жайт. Бірақ әр елдің заңы басқа, иттері қара қасқа деген осы болар? Ақырын жүріп, орталық алаңның маңындағы базарға келіп кірдік. Барлық жер жабық. Сөйтсек, намаз уақытында бүкіл базар мен дүңгіршектер жабылып, намаз уақыты біткен соң ашылады екен. Бірден көзге түскені – қайыршылар тым көп және біздің елдегідей елемесең кете қалмайды, алақан жайып, қыр соңынан қалмайды. Көздерін ғана ашып, қап-қара киініп, қолына таяқ ұстаған қайыршы әйелдер бүкіл базар бойы есті шығарды. Дәулет ақыры тілін тауып, әрең дегенде құтылдық. Ал, жергілікті халық болса, өзара бірдеңені айқайлап-айқайлап тап бергенде қайыршылардың өздері қашып құтылып жатты. Шамасы біздің шетелдік екенімізді байқаса керек-ті.

Тағы бір байқағанымыз Жиддада йемендіктер де баршылық сияқты. Бүкіл қызмет көрсету орындары мен фаст-фудтарда осы елдің өкілдері жүрді. Бір жағы Йемен асханасы қазақтардың тамағына да ұқсап кетті. Қуырылған ет пен жұмыртқаны араластырып, оны қазақтың қаттама наны секілді етіп алдыңа әкелгенде дәмі ауыздан кетпеді. Жергілікті халық пен түрлі ақпарат көздерінен ұққанымыз – корольдік соңғы жылдары ұлттандыру саясатын жүргізіп келеді. Басты мақсат – елдегі еңбек мигранттарын барынша азайтып, өз азаматтарын еңбекке араластыру. Өйткені, жергілікті халық бизнес пен түрлі кәсіптен шет қалып, шетелдік бизнеске үлескер ретінде еніп, ауырдың астымен жеңілдің үстімен өмір сүріп кетсе керек. Сондықтан, түрлі елден келген мигранттардың бала санына мемлекет айтарлықтай салық салғандықтан соңғы кездері басқа елдерге кетушілердің саны әжептеуір артыпты. Дегенмен, жергілікті халықтың жағдайы жақсы көрінді. Орташа айлық – 3000 АҚШ доллары көлемінде деп айтты. Рас-өтірігін кім білсін? Біз тек естігенімізді жаздық. Бірақ көшедегі көлік пен кафе-ресторанда және теңіз жағасында қыдырып жүрген халық қарасы тым көп.

Кешкі қала көшелері


Жидда көшелерінің бірінде келе жатып, «МакДональдстардың» бірінен тамақтануға кіріп кетіп ем, консулымыз шыр ете қалды. – Тез шық, кеттік бұл жерден деген оның сөзіне аңырап қалғанымда, есік маңдайшасындағы family section деген жазуды нұсқады. Тек әйелдер мен отбасылы еркектерге арналғандығын біздер қайдан білейік? Қарап жүрмей, Саудиялық полицейлердің дүресінен Құдай сақтады. Дереу көлікке отырып, әлгі жерден алыстап кетуге тырыстық. Дәл теңіздің жағасына тоқтап, әлемдегі ең үлкен су бұрқағын тамашаладық.

Ел арасында «Фахд Фонтаны» деп аталып кеткен бұл су бұрқағы 1983 жылы соғылып, бастапқыда биіктігі 120 метрге жеткен. 1985 жылы субұрқақ механизмдері түгел жаңартылып, 18,8 тоннаға жуық суды 312 метр биіктікке жеткізеді. «Қызыл теңізді» жағалай жүрген жұртшылық қарасы тым қалың. Байқағанымыз – жұма араб елдерінде демалыс күні. Содан болар, бейсенбі күні кешкі намазды оқып алған халық түнгі сағат екі-үшке дейін қыдырып, бала-шаға, дос-жарандарымен емін-еркін көңіл көтерген соң, жұма түске дейін тынығады екен. Кешкі қаланы әбден аралап, қонақ үйге қайтқан соң, жолға дайындалдық. Жиддадан Стамбулға, одан әрі Астанаға ұшатын болғандықтан, әуежайда әр адамға тиесілі 5 литр «Зәмзәм» суына 10 риял төлеп, кеден бекетіне өтуге дайындала бастадық. Алда-жалда Жиддаға жолыңыз түсіп жатса, әуежайдан өзіңізге тиесілі «Зәмзәм» суын алып кетуді ұмытпаңыз. Ақшасын төлесеңіз, соңғы жететін нүктеңізге дейін жеткізіп береді. Шығарып салған Самирге ризашылық білдіріп, 100 теңгелік монетамызды естелікке ұсындым. Қуана-қуана сыйлығымызды қабыл алған ол, қол бұлғап қала берді.


Қайтар жолдағы қазақ тілі немесе әуе компаниялары қашан қазақшаны толық үйренеді?


Әупірімдеп, кедендік тексерістен өтіп алған соң, айналама ақырын қарасам, қажылықтан қайтып жатқан пәкістандықтар мен өзара шоғырланған бес-алты еуропалықтарды көзім шалып қалды. Қасыма келіп жайғасқан Хуан есімді азаматтан олардың испандықтар екен білдім. Азық-түлік өндіретін зауытта істейтіндерін айтты. Испанияның Малага қаласынан келіпті. – Жасым  биыл қырық төртке келді, тамақ өнеркәсібінде жүріп, бүкіл әлемді шарладым. Қазақстанда екі рет болдым. Астана мен Өскеменді жақсы білемін – деген  Хуан жеті жасар Тиаго есімді ұлының өсіп қалғанын, енді отбасының қасында тыныш өмір сүргісі келетінін айтып, ойланып қалды. – Апырай-ә, бар жерде адамзат баласының арман-мақсаты мен қайғы-мұңы ұқсас екен ғой – деп  Стамбулға ұшақтың қалай қонғанын байқамай қалыппыз. Тоғыз сағат еншімізге тиіп, қаланы көрмек болған ойымыз арман күйінде қалды. «Ататүрік» әуежайы кішігірім қала секілді. Ерсілі-қарсылы жөңкілген жолаушылардың көптігі сондай, қалаға шығушы жұртшылықтың көптігінен кедендік тексерістегі кезектің соңы көрінбеді. Амалсыз әуежайда уақыт өткізіп, кітап парақтап отыруға тура келді. Көптен күткен ұшағымыз да жетіп, бортқа жайғасуға бет алдық. Байқағанымыз - «Turkish Airlines» Астанаға бет аларда тек түрік және орыс тілдерінде ғана хабарлама жасады. Стамбулдан Жиддаға ұшарда араб, ағылшын және түрік тілдерінде хабарландыру болған еді. Бортсеріктен мән-жайын сұрағанымда, Нарқыз есімді қызметкер келіп, - орыс тілін түсінетін халық көп болғандықтан, түрік және орыс тілдерінің жеткілікті екенін жеткізді. - Жақсы - деп бас изеген біздерге айналадағы ағайындарымыз қасқыр көрген қой секілді үрке қарасты. Тек бір өкініштісі – осы сәттерді таспаға түсіріп алмаппын. Менің ұсынысымды басшылыққа жеткізетіндіктерін айтқан бортсеріктермен өзара тіл табысып, Астанаға жеткенше тіл байланып отырды...

Алдымызда 4 сағатқа жуық ұшу мен Жиддадан алған «Зәмзәм» суы Стамбулда қалып кетіп, оны іздестіріп, үйге жеткізу операциясы һәм Түркістан қаласына кезекті іссапарымыз күтіп тұр еді...


Олжас БЕРКІНБАЕВ

Астана-Жидда-Астана


Мақаланы жазу барысында Сауд Арабиясы корольдігіне іссапарымызды ұйымдастыруға қолдау көрсетіп, демеу танытқан ҚР СІМ баспасөз қызметіне және ИЫҰ Бас хатшылығына, ҚР Сауд Арабиясы Корольдігіндегі Елшілігіне Алғысымызды білдіреміз.

Тегтер: олжас, беркінбаев, журналист, қиырдағықазақтар, сауд, арабия, корольдік, сім, дипломат, елші, консул

Пікір қалдыру

Qonaq 04 Желтоқсан, 2018

Ote qyzyq zametki!