Данэлия Төлешованың жарқын жеңістері әлі алда - Дәурен Абаев

30 Қараша, 2018 60 0

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев Балалар Еуровидениесінде ел намысын қорғап, алтыншы орын иеленген Данэлия Төлешованың жарқын жеңістері әлі алда екеніне сенім білдірді, деп хабарлайды newsroom+ ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Балалар Еуровидениесінің беделі өсіп,  Еуропаның мәдени өмірінде ерекше маңызға ие болып келеді. Оны тамашалаушылардың телевизиялық аудиториясы артып, тиісінше байқаудың қажеттілігі де өсуде. Биыл оған саны жағынан ең көп үміткер қатысуы осы сөзіме дәлел бола алады. Өзге елдердің үздік өкілдерінің ішінде Данэлияның алтыншы орын алуы - сөзсіз жоғары көрсеткіш. Өзіңіз білетіндей, байқаудың қорытындысы төрешілердің шешімі және көрермендердің дауыс беруі арқылы шешілген еді. 

Дауыс саны жағынан Данэлияның үшінші орын алғанын айта кету керек. Дауыс бергендердің көбі біздің отандастар болғанын да айта кету керек. Өз өнерпаздарын белсенді түрде қолдап жатқан отандастарымыздың барына мақтануға болады», - деді Дәурен Абаев Хабар арнасындағы «Ашық диалог» бағдарламасында. 

Министр өз сөзінде Қазақстанды әлемге танытқан Димаш Құдайберген мен Геннадий Головкинді де айтып өтті. «Дауыс беру бойынша бізді артқа тастаған мемлекеттер - Франция мен Польша. Олар халық саны жөнінен Қазақстаннан озып тұр. Данэлияның үлкен жеңістері әлі алда екеніне сенімдімін. Оған сәттілік тілегім келеді», - дейді Дәурен Абаев. 

Еске сала кетсек, 25 қарашада Минск Аренада өтіп жатқан «Балалар Еуровидениесі - 2018» байқауының қорытындысы шығып, Қазақстан атынан шыққан Данэлия Төлешова алтыншы орынға ие болған еді. Телекөрермендердің дауыс беру нәтижесі бойынша Данэлия 103 ұпай жинады. Бұл көрерменнің дауыс беру көрсеткішінде 3-орынды білдіреді. 

Дауыс саны мен әділқазы алқасы берген ұпай саны бойынша қазақстандық қатысушы 171 ұпаймен 6-орынға тұрақтады.



Пікір қалдыру