Түркістан: Қазығұрт ауданында индустриялды аймақтың әлеуеті жоғары

29 Қараша, 2018 56 0

Қазығұрт ауданында өнеркәсіп өнім көлемінің жыл сайын артуына өңірде ашылған индустриялдық аймақтың үлесі мол.  Бүгінгі таңда «Қазығұрт» индустриялдық аймағының жалпы аумағы - 13 гектар. Онда  1,9 млрд. теңгені құрайтын 7 жобаға жер телімі берілген. 2016-2017 жылдары 3 жоба іске асырылса, 2018 жылы 589 млн. теңгелік табиғи шырын сусын өндіретін «Көрік ШҚ» ЖШС-і жұмысын бастады. Ал 3 жобаны 2019 жылы іске қосу жоспарланған. Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазығұрт ауданының әкімі Төлеген Телғараев  мәлімдеді.

Аудан басшысының айтуынша, алдағы жылы индустриялды аймақта іске қосылатын жобалардың арасында жалпы құны 602,7 млн. теңгені құрайтын құрғақ сүт және сары май өндіретін «Асыл бастау KZ» ЖШС-і,  құны 125 млн. теңгелік «Ақ-ниет 5» ӨК-нің «Темір бетон өнімдері» жобасы және құны 112,7 млн. теңге құрайтын «КН экспорт 777» ЖШС-ң «Жиһаз шығару» жобасы бар.

«Қазығұрт ауданында кәсіпкерлік саласы тұрақты түрде дамуда. Дамудың жарқын көрінісі ретінде «Өңірлер кәсіпкерлігін қолдау» бағдарламасынан тыс жалпы құны 135 млн. теңгелік 2 жоба іске қосылғанын айтуға болады. Олар: «Қазығұрт айна» ЖШС-ның сұйық шыны өндірісі – 85 млн. теңге, «UNIFRUTTI GOLD» ЖШС-ның жемістер мен көкөністерді өңдеу арқылы диеталық пюрелер шығару өндірісі – 50 млн. теңге. Өнеркәсіп саласындағы жетістіктер жыл басында жоспарланған нәтижеге сай орындалуда. Аудан көлемінде бүгінгі таңда жұмыс істеп тұрған 18 кәсіпорын бар.  Ағымдағы жылдың 10 айында өңірдегі өнеркәсіп кәсіпорындарында 5 млрд. 633 млн. теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 103,9 пайызды құрады», - деді Төлеген Тұртайұлы.

Қазығұрт ауданында қазіргі таңда 94 шағын жоба іске қосылып, 405 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Бұдан өзге,  шағын және орта кәсіпкерлер саны 8226-ға жетіп, 114,6 пайызға өсті. Шағын және орта кәсіпкерлік саласын дамыту мақсатында  қаржы ұйымдарынан 2018 жылдың 10 айында 4565 тұлғаға 2414,8 млн. теңге несие берілді. Негізгі басым бағыты – ауыл шаруашылық саласы бойынша.

Пікір қалдыру