М.Әуезов атындағы ОҚМУ 75 жылдығын атап өтті

30 Қараша, 2018 202 0

 Бүгін М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университеті 75 жылдық мерейтойын атап өтті. Мерекелік жиын білім ордасының алдынан бой көтерген ұлы жазушы, ғұлама ғалым Мұхтар Омарханұлы Әуезовтың еңселі ескерткішінің ашылу рәсімімен басталды. Бұл туралы newsroom+ порталы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Салтанатты шараға Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев, Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев, оқу орын басшылары мен студенттер және түрлі салада еселі еңбектерімен ел абыройын асқақтатып жүрген университет түлектері қатысты.

Аймақ басшысы өзінің құттықтау сөзінде іргесі қаланғалы ел дамуына сүбелі үлес қосып келе жатқан оқу орынның ұстаздарына алғыс білдірді.

«75 жылдық тарихы бар білім ордасы үшін биылғы жыл толағай табыстарға толы болды. Атап айтсақ, еліміздегі жоғары оқу орындарының рейтингісінде ІІІ-орынды иеленсе, QS рейтингісі бойынша әлемдегі 4,5 мың жоғары оқу орындарының ішінде 609-дан 501-ші орынға көтерілді. Бұл осында ұзақ жылдар бойы еңбек етіп келе жатқан оқытушы-профессорлардың ерен еңбегі деп айтар едім. Жалпы Түркістан өңірінде 500 мыңнан аса жас бар. Мұнда оқитын студенттердің басым көпшілігін облысымыздың жастары құрайды. Ендеше осында білім алып, өз саласының үздігі атанған бітіруші түлектер түркі дүниесінің орталығына айналған Түркістан облысында өздерінің жаңа мүмкіндіктерін жүзеге асырады деп сенім білдіремін», – деді Жансейіт Қансейітұлы.

Шара барысында белсенді қоғамдық қызметі және білім беру мен тәрбие ісі процестерін ұйымдастыруда еңбек еткен университеттің бірқатар қызметкерлері «Ыбырай Алтынсарин», «Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін», «Білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Еңбек ардагері» төсбелгілерімен, сондай-ақ облыс және қала әкімдерінің алғыс хаттарымен марапатталды.Сонымен қатар, еліміздің игі істері мен жаңашыл бастамаларының алдыңғы сапынан табылып жүрген оқу орынның түлектері –ҚР Ұлттық Ғылымдар Академиясының президенті, техника ғылымдарының докторы, профессор, академик М.Жұрыновқа, экономика ғылымдарының кандидаты, 1973 жылдан ҚазХТИ комсомол комитетінің хатшысы, қоғам қайраткері, 1993-1997 жылдары ОҚО әкімі қызметін атқарған З.Тұрысбековке және бірқатар мемлекет және қоғам қайраткерлеріне ерекше құрмет көрсетілді.

Айта кетейік, Шымкент қаласындағы аталған білім ордасы 1943 жылы құрылыс материалдары технологиялық институты болып құрылған. Қазіргі таңда, мұнда 1700 оқытушы-профессор, 136 ғылым доктор, 646 ғылым кандидаты мен доцент 20 мыңнан астам шәкіртке дәріс беріп келеді. 75 жылда уверситеттен 100 мыңға жуық студент түлеп ұшқан.

Пікір қалдыру