Ғасырларды жалғаған Қызғалдақ

23 Қараша, 2018 72 0

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ел, ұлт, тарих, бүгінгі мен болашақ туралы кемел ой толғаған кезекті жүрекжарды, күретамырлы «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында төл тарихымызға оң көзқарас қажеттігін айқындай отырып, айрықша назар аударған Ұлы даланың жеті қырына тоқталуы ерекше қызығушылық туғызады. Елбасы Ұлы даланың жеті қыры қатарында Қазақстанның алма мен қызғалдақ отаны екендігіне тереңдей тоқталған.

Осы орайда, еліміздің Парламенті Сенатының Төрағасы, ірі мемлекет және қоғам қайраткері, кәсіби шебер қалам иесі Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қазақстандық оқырмандар арасында кеңінен танылып, жоғары бағаланған еңбегі, сонымен бірге әлемнің ондаған тілдеріне аударылып, халықаралық ауқымда мойындалған «Беласу» кітабында тап осы Қызғалдақ гүліне қатысты есте қаларлық ерекше халықаралық мазмұндағы оқиғаны баяндағаны ойға оралады. Сондықтан, бәлкім, түсінікті себептермен әсіресе жастардың қолы жете бермеуі ықтимал осы кітаптың тарауынан арнайы үзіндіні ұсынуды жөн көріп, Нұрсұлтан Әбішұлы әдемі айтқандай, асқақ Алатаудың баурайынан тараған қазақтың Қызғалдақ гүлінің, расында, бүгінге дейін ғасырларды жалғап тұрған рәміздік қасиетін тағы бір тануға, демек төл тарихымзға құрметіміздің күшейе түсуіне септігі тиер деген үміттеміз.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Беласу»

«Н.Назарбаевтың басшылығымен біздің еліміз жеткен жетістіктерге Нидерландының Жоғары Мәртебелі Королевасы Беатрикс сияқты әділ әрі шыншыл адам, өте қызықты және, меніңше, толық сипаттама берді. Өз халқының арасында және дүниежүзілік қоғамдастықта барынша танымал ол, Қазақстан Президентінің құрметіне арналған мемлекеттік банкетте сөйлеген сөзінде былай деді:

"Президент мырза!

Бүгін мен Сізді осында қошеметтеп отырғаныма өте қуаныштымын. Біздің елімізге қош келіпсіз! Әдет бойынша мұндай ас үстіндегі сөзде елдер арасындағы бұрынғы байланыстар жайлы жиі айтып жатады. Бірақ біз бүгін бұл әдетті ұстанбайық. Өйткені Қазақстан –таяудан бері ғана шет мемлекеттермен қарым-қатынас орнатып жатқан жас ел ғой. Бұл, алайда,  біздің елдеріміздің арасында бұрын байланыстар болған жоқ дегенді білдірмейді. Керісінше, Жібек жолы ғасырлар бойы Еуропаны Азиямен және сол арқылы Қазақстанды Нидерландымен де жалғастырып тұрды. Осы байланыстардың аса бір тамаша жемістерінің бірі – біздің елімізде қызғалдақтардың пайда болуы. Қазақстанның далалары мен тауларынан бұл гүл Нидерландыға жол тауып, онда ол аса маңызды сауда өніміне айналды. Қазір қызғалдақ Нидерландының жалпыға танымал экспорттық тауары болып табылады, оның үстіне, ол тіпті біздің ұлттық белгімізге айналды.

Қызғалдақ тарихы – бірнеше жүзжылдықтар көлемінде болған үлкен өзгерістерге бір ғана мысал. Сіздің еліңіздің тарихында  өзгерісті кезеңдер көп болды. Қазақстан жас ел болғанымен, оның тарихы көптеген үлкен оқиғаларға толы. Атап айтқанда, соңғы онжылдық ауқымды өзгерістермен және жаңа үрдістермен сипатталады. "Қазақ" деген сөздің көп мәні бар, оның ішінде "бостандық" деген ұғымға қатысты маңызы үлкен. Саяси мәні жағынан бұл бостандық Кеңес Одағы тарағаннан кейін, Сіздің еліңіз тәуелсіз мемлекетке айналған таяу кезден бастап қана пайда болды. Бұл саяси тәуелсіздік ежелгі қазақ тілі мен мәдениетіне және ұлттық мәдени ерекшеліктің маңыздылығын бағалауға мүдделілік туындауына да алып келді.

Тәуелсіздік алғаннан кейін Сіздің еліңіз үлкен проблемаларға тап болды. Сіздің бір мезгілде саяси мәселелерге де, экономикалық және экологиялық мәселелерге де назар аударуыңыз қажеттігі туындады. Сіз осы проблемаларды шешуге жігерлене кірістіңіз. Міндеттердің бірі – осы салада көп дәстүрлері жоқ және оның үстіне үлкен этникалық әрқилылықпен сипатталатын елде демократиялық институттар құру еді. Алғашқы және ең маңызды басымдық- жаңа мемлекеттің тұрақтылығы мен тұтастығы екендігі кәміл. Бұл мақсаттарды өтпелі кезеңдегі Сіздің мемлекетіңіз сияқты қоғам үшін демократиялық институттарды нығайтумен үйлестіру қажеттігі аз міндет емес. Сіздің еліңіздің ЕҚЫҰ-ға мүшелігі Сіздің бұл міндетке қаншалықты ойланып-толғанып қарайтыныңызды білдіреді.

Сіздің еліңіз апатты экологиялық ауыртпалықты бастан кешіп отыр. Әскери жаттығулар, ракеталар ұшыру және ядролық сынақтар кеңестік уақытта қоршаған ортаға орасан нұқсан келтірді. Арал теңізінің тартылып қалуы және оның маңайындағы ауыл шаруашылық жерлерінің құрып кетуі өте терең экологиялық проблема туғызды. Оның үстіне, жоспарлы экономикадан еркін экономикаға көшу қаржы және экономикалық қиындықтармен байланысты болды. Бұл проблемалар қазіргі уақытта ішінара орындалды. Инфляция  ауыздықталды.. Жедел және негізгі реформалар неғұрлым тиімді және транспаренттік экономикалық және қаржы жүйесін құруға мүмкіндік берді. Әрине, барлық проблемалар әлі шешіліп болған жоқ, алайда Сіздің еліңіз, атап айтқанда, мұнай мен газдың ірі қорларының арқасында келешекке сеніммен қарай алады. Осындай ауқымды әлеуеттік  байлықты халықтың қалың бұқарасының игілігі үшін пайдалану үлкен міндет. 2000 жылы құрылған Ұлттық мұнай қоры бұл үшін пайдалы құрал болады. Сіздің еліңіздің жер қойнауының байлығы ауқымды шетелдік инвестициялардың, атап айтқанда, Нидерландының да инвестицияларын тартуға мүмкіндік берді. 1999 жылы құрылған, Өзіңіз төрағасы болып табылатын Шетелдік инвесторлар кеңесі оңтайлы инвестициялық ахуал жасауға өз үлесін қосып отыр және экономикалық прогреске жәрдемін тигізуде.

Қазақстан экономикалық тұрғыдан ғана емес, саяси тұрғыдан да әртүрлі халықаралық одақтар мен ұйымдарға қатысып келеді. Консультациялар мен ынтымақтастық үшін тиімді құрылым болып табылатын ЕҚЫҰ-ны мен атап өттім. Еуропадағы ЕҚЫҰ сияқты, Азия аймағында сондай мақсаттарға жетуге ұмтылып отырған Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңесті құру туралы маңызды бастаманы Сіз өз мойныңызға алдыңыз. Сіздің еліңіз НАТО-ның "Бейбітшілік жолындағы серіктестік" бағдарламасына және Еуропалық Одақпен серіктестік және ынтымақтастық жөніндегі Келісімге белсене қатысады.

Көпжақты келісімдерге қатысумен қатар біздің елдеріміз арасындағы екі жақты байланыстардың да елеулі маңызы бар. Нидерланды кәсіпорындары Сіздің еліңізде бірқатар салалар бойынша жемісті қызмет орнын анықтады, біздің екіжақты сауда-саттығымыз үздіксіз өсуімен сипатталады. 2001 жылы жұмыс істей бастаған Экономикалық ынтымақтастық бағдарламасы (ЭЫБ) осы ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін жақсы мүмкіндіктер жасап отыр.

Президент мырза!

Қызғалдақ гүлі – расында, Сіздің еліңізге біздің алғыс айтуымыз тиіс ең басты сыйлық болар. Былтыр Алматыда өткен "Қызғалдақ және Адам" деген халықаралық фестивальға біздің қатысуымыз осыны есіме салды. Қызғалдақ гүлі, сондай-ақ біздің елдеріміздің арасындағы өсу мен гүлдену белгісі болсын.

Мен осында қатысып отырғандардың бәріне, Президент мырза, Сіздің денсаулығыңыз үшін, Қазақстан халқының жарқын болашағы үшін менімен бірге тост көтеруді ұсынамын".

Мұхтар Кәрібай

Пікір қалдыру