Мақтааралда төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссияның отырысы өтті

13 Қараша, 2018 56 0

Бүгін Мақтаарал ауданы әкімінің аппаратында аудандық төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды newsroom+ порталы  аудан әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

 Күн тәртібінде алдағы қыс мезгілінде аудандағы тұрғын үйлерді және мекемелерді үздіксіз электр қуатымен, табиғи газбен, ауыз сумен, кәріз жүйесімен қамтамасыз ету мәселелері қаралды.

Мәжілісте аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ғабит Полатов Мақтаарал электр желілері мекемесінің қыс мерзіміне дайындығы туралы баяндама жасады.

 Бөлімнің бастамасымен ауданда жаңадан салынған үйлердің инфрақұрылымын жақсарту мақсатында жаңа үлгідегі бағдарламамен жабдықталған қосалқы трансформаторлар пайдалануға беріліп жатыр екен.

«Барлық қызметкерлер қысқы қалың киімдермен, жылы аяқкиімдермен, құрал-саймандармен толық қамтамасыз етілген. Барлық жұмысшыларға төтенше жағдай барысында кімнің қандай қызмет атқаратыны, өртке қарсы және еңбекті қорғау инструкциялары таныстырылып, түсіндірілген. Мекеменің кеңсе ғимараттары, монтерлық пункттар, өндірістік және жұмыс орындарындағы автономды жылыту жүйелері жөндеуден өткізіліп қосылған» - деді Ғ.Полатов. Жиын барысында денсаулық сақтау, білім беру мекемелерінің 2018-2019 жылғы жылу маусымына дайындығы туралы да баяндамалар жасалды.

Сондай-ақ, мәжілісті қорытындылаған комиссия төрағасының орынбасары Бейсенбай Төребеков үздіксіз электр қуатымен, табиғи газбен, ауыз сумен, кәріз жүйесімен мақтааралдықтарды қаматамасыз етуде ешқандай мәселе болмауы үшін дайындық жоғары деңгейде болуы керектігін атап өтті.

Пікір қалдыру