Сарапшылар Түркістанның келешектегі келбетін талқылады

13 Қараша, 2018 226 0

Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев сәулет саласына қатысты мамандармен бейресми кездесу өткізді. Құрамында Қазақстанның халық суретшісі Ерболат Төлепбай, ҚР Сәулетшілер Одағының вице-президенті Бақытжан Әшірбаев, облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Еркін Жүсіпов және облыстық құрылыс басқармасының басшысы Тоқтар Үсібалиев сынды бірқатар азаматтар бар жұмыс тобы Түркістан қаласының бас жоспарында қамтылатын нысандардың орналасу тәртібі, сәулеттік келбетінің ерекшеліктерімен танысты.

Үш бағыт бойынша, атап айтқанда, Қ.А.Яссауи мавзолейі мен «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік қорық мұражайының маңында салынатын құрылыс нысандары, сонымен бірге, әкімшілік-іскерлік орталығын салу бағыттары бойынша дамитын облыс орталығындағы жобалардың нақты орналасу орындарын талқылаған мамандар бүгінгі кездесуде аталған жұмыстарға қосымша Түркістан қаласындағы жолдарды да реттеуді жоспарға қосты. Осы орайда, белгілі сәулетшілер шаһарда айналма жолдар салып, қаланың инфрақұрылымын дамытуды және сәулетін одан әрі көркейтуді көздеп отыр.

Жалпы, атқарылып жатқан жұмыстардың барысына көңілі толған өңір басшысы облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Е.Жүсіповке сәулеттік жұмыстарды халықаралық деңгейдегідей сапалы етіп дайындап, мерзімінде тапсыруды жүктеді. Халықаралық конкурста жарияланған ғимараттардың орналасу жобасын қарап, пікірімен бөлісті.

Айта кету керек, бүгінгі таңда Түркістанда ұзындығы 764 шақырымды құрайтын 875 көше, "Батыс Еуропа-Батыс Қытай" дәлізі аясында салынып, қалаға тиесілі болған 12 шақырымдық бір ғана айналма жол бар.

Түркістан шаһарын дамыту туралы тұжырымдаманың басты мақсаты - тарихи-мəдени жəне рухани мұраның сақталуын қамтамасыз ететін түркі əлемінің орталығы ретінде қаланы одан əрі дамытудың негізгі бағыттарын айқындау, сондай-ақ Түркістанды маңызды өңірлік даму орталығы етіп қалыптастыру болып табылады. Нақтырақ тарқатсақ, онда шаһардың халықаралық, туристік жəне өңірлік тұрғыдан перспективалары айқындалып, қаланың əлеуметтік-экономикалық əлеуеті, оның аумағының жоспарлы ұйымдастырылуы, қала құрылысы аймақтарына бөлінуі сынды маңызды мәселелер қаралған.

Пікір қалдыру