Түркістанда «Ulys» цифрлық журналының таныстырылымы өтті

09 Қараша, 2018 1182 0

Бүгін Түркістан қаласындағы «TÚRKISTAN MEDIA» халықаралық орталығында орналасқан Өңірлік коммуникациялар қызметінде  ақпарат кеңістігіндегі тұңғыш цифрлық «ULYS» журналының таныстырылымы өтті. Бұл туралы  newsroom+ порталы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Аталған жиынға Қазақстандағы алғашқы электронды «ULYS» журналының бас редакторы Ержан Қалымбай, философия ғылымдарының кандидаты Жанат Момынқұлов,  басылымның техникалық ди⁠ректоры Болат Әскер, сондай-ақ облыстық ішкі саясат, мәдениет саласының мамандары мен баспасөз өкілдері, студенттер қатысты.

Шарада «Ulys» цифрлық журналының бас редакторы, белгілі журналист Ержан Қалымбай бұл журналдың қазақ медиа тарихында үлкен жаңалық екенін айтып, журналдың маңыздылығы мен артықшылығы жайлы сөз қозғады.

«Бұл жоба – Қазақстанның ақпараттық нарығын сапалы контентпен қамтамасыз етуге үлес қосады. Мұндағы сараптамалық, танымдық мақалалар сан саланы қамтиды. Геостратегия, елдің ішкі-сыртқы саясаты, экономика, жаhанда болып жатқан өзгерістер мен тренд тақырыптар ұлттық мүдде тұрғысынан терең талданып қазақ оқырмандарына жеткізіледі. Әсіресе, Орталық Азия мен Түркі әлеміне ерекше көңіл бөлеміз. Журнал тек қазақ тілінде шығады. «Ұлыс» сөзінің «өзі ұлы» іс деген мағынада. Ұлттық ұғымдар санада жаңғырсын деген мақсат. Қазіргі таңда басылымның үш саны шықты. Ақпараттың сапалы болуы басты назарда. Әр санында 20 мақала жарияланады. Оларды зерттеу институттарының мамандары жазады. Алдағы уақытта электронды басылымның ауқымын халықаралық деңгейде шығаруды жоспарлап отырмыз», – деді автор.

Жиында медиа саласындағы цифрлық технологияның дамуы мен бүгінгі жетістігі жайлы кеңінен талқыланды. Сондай-ақ қатысушылар қазіргі таңдағы ақпараттық кеңістіктегі жаңалықтар бойынша көкейтесті сұрақтарын қойды.

Жоба жетекшілерінің айтуынша, журнал  Digital форматындағы соңғы үлгідегі тәжірибелерге негізделіп жасалған. Мәселен, мақаланы оқумен қатар, аудио жазбасын тыңдауға немесе бейне жазбасын көруге мүмкіндік бар. «Ulys» журналын «iOS» және  «Android» жүйелеріндегі қосымша арқылы телефонға немесе планшетке тегін жүктеп алып, кез келген уақытта оқи беруге болады.

Пікір қалдыру