Ақша бақылауда болғанды ұнатады

09 Қараша, 2018 161 0

«Ақша жинау үшін міндетті түрде табысты көп мөлшерде табу керек» деген жалған сөз. Кез келген адам ақша жинай алады...  Табысты қанша табатындығыңыз емес, оны дұрыс жұмсай білуіңіз маңызды. Жастайыңыздан ақша үнемдеу мәселесін қолға алмасаңыз, болашақтағы мүмкіндіктеріңізді бағдарлауыңыз қиынға соғады. Жұмсаған ақшаңыз ауаға ұшпастан, сізге пайдасын тигізіп отыруы қажет. 
Жалғызбасты адамдар көп уақытын жұмыста өткізетінін біле тұра, ай сайын азық-түлік сатып алады. Олардың кейбіреулері мерзімдерінен өтіп, бұзыла бастайды. Осы секілді қажетсіз шығындардан аулақ болғаныңыз жөн. 
Біз миллионер болмасақ та, қажетсіз дүниелерге ақшамызды құртып, шығындаламыз. Алдыңызға мақсат қойыңыз. «Онсыз да өмір сүре аламын» деген дүниелерге ақша жұмсамаңыз. Көңіліңізді көтеріп қою үшін айына бір рет қана артық зат салып, қалған ақшаңызды бақылауға алыңыз. Жақсы киіну үшін де бар ақшаңызды жұмсаудың қажеті жоқ, бастысы талғаммен киіну. 
Алдыңызға 1-5 жыл аралығында орындалуға тиіс айқын мақсаттар қойыңыз. Бес жылдан соң өміріңізді қалай елестетесіз және осы уақыт ішінде не нәрсеге қол жеткізгіңіз келеді. Ол білім алу, үй, көлік болуы мүмкін. Армандарыңызға бүгінен бастап қадам басыңыз. 
Ақша үнемдеудің жолы: 
Біріншіден, 2 апта бойы ақшаңызды не нәрсеге жұмсағандығыңызды жазып отырыңыз. Ол 5 теңге болсын, 5000 теңге болсын маңызды емес. Бастысы олардың біреуін де қалдырмай жазып отыру. 2 апта уақыт өткен соң қанша ақшаңыздың ауаға ұшып, қаншасының дұрыс жұмсалғанын анықтайсыз. 
Табысыңызды үш бөлікке бөліңіз. Олар: шығын, кіріс, жиналған ақшалар болуы тиіс. Және олардың ортасында тепе-теңдік орнатыңыз. Жоғарыда айтылған бірінші қадамды жасаған соң, келесі айда ақшаңызды ойланып отырып жұмсаңыз. 
Барлығы да ақша жинау мүмкін емес деп ойлайды, алайда олай емес. Тіпті, шәкіртақы алатын студенттің өзі де ақша жинап, сүйіктісіне гүл сыйлай алады. Маңызы бар дүниелерге ақша міндетті түрде табылады. Ай сайын алатын табысыңыздың 20%-ын, одан да жақсысы, 30%-ын жинап отырыңыз. Депозиттердің рейтінгілерін анықтап, ақшаңызды банкке салыңыз. Жинап жатқан ақшаңызды жоқ деп есептеңіз. 
Екіншіден, "Ақша деген не?" деген сұраққа жауап беруіміз керек. «Бұл – еркіндік пен мүмкіндіктің түйіскен жері. Ақшам жеткілікті болса, тыныш ұйықтап, қанағаттану сезіміне ие боламын. Маған қымбат үйлер немесе бағалы көліктер қажет емес, бастысы әрбір жұмсаған ақшамның табыс әкелуі», - деп табысты адамдар бірауыздан жауап қайырады. 
Ақшаны үнемдеуді кішкентайымыздан үйретпейтіндіктен, оларды дұрыс басқара алмаймыз. Көпшілік бай болып туылғысы келеді, алайда барлығы да еңбектің жемісі. Ақша бақылауда болғанды ұнататынын есіңізде сақтаңыз.

Пікір қалдыру