Сағыңыз сынбасын

07 Қараша, 2018 78 0

Кеше бір досыма көмек қылған едім. алғыс айтты, ризашылығын білдірді. Сөйтті де қоштасып тұрып: «Сағың сынбасын», – деді. «Сағың сынбасын». Мен мұны естіген едім. Қайдан? Қашан? Иә, таптым… Тура таптым… анам айтқан-тын… Керемет жеткізген-тін… Заманың  солай  ғой.  Өміріңді өзгертеді  деген  шынайы  сынақтың бірін  көбіміз  11-сыныпты  бітірерде көреміз.  Ұлттық  бірыңғай  тестілеуде, нақтысын  айтқанда.  Бір  жыл  бойы беріліп  дайындалған  еңбегіңнің  бір күндік нәтижесі. Әлі  есімде.  Жанымды  салып дайындық  қылған  едім.  Анам  –  ұстаз. Жанымда  отырып  көмектеседі.  Маңдайға  жазғаны  сол  шығар,  ҰБТ-да  үмітін  толық  ақтай  алмадым. Анау  айтқандай,  масқарам  шығып, абыройым  айрандай  төгілді  демеймін. Ортадан сәл жоғары көрсеткіш. Ауылға келіп бөлмеме кірдім де, сылқ түстім.  Сол  жатқаннан  мол  жаттым. Өмірге  деген  қызығушылық,  тәбет, ынта дегендерің түбегейлі жоғалғандай күй кештім. Қиялдың қанаты қырқылған сияқты.  Қазір  ойласаң,  күлкің  келеді. Бірақ ақиқаты солай болатын.Біраз  күннен  соң  бөлмеме  анам келді.  Балалық  па,  шалалық  па,  кім білсін,  әйтеуір,  сөйлескім  келмеді  де, басымды  теріс  бұрып  жатып  алдым. Байыппен  ғана  жаныма  тізе  бүккен анам  басымнан  сипай  отырып,  бір әңгімені бастап кетті.

«…Қай  заман  екені  белгісіз.  …  Бір әйел  ұзақ  уақыт  жүкті  бола  алмай жүреді.  Күндердің  күнінде  әлгі әйелдің  маңдайына  ана  болу  бақыты жазылады екен. Бірақ қуанышы ұзаққа созылмайды.  Шақалақ  бойынан дерт  табылады  да,  соңында  періште қалпында  мәңгілік  сапарға  кету  керек болады.  Бірақ  ананың  жүрегіндегі қимастық ше… Әлгі  шақалақтың  шыбын  жаны анасының  көзіне  байланып  қалады екен.  Ана  көзін  ілсе,  нәресте  бақилық болады.  Көптен  бері  тіленіп  күткен жалғыз  баласын  қайтіп  қана  қисын? Ана тұп-тура төрт күн көз ілмейді.Адам  жаны  темірден  емес  қой.  Бір мезетте  ананың  көзі  іліне  бере,  селк етіп  оянып  кетеді.  Ана  оянған  сәтте, есік  тарс  жабылады.  Қараса,  нәресте шетінеп  кетіпті.  Ал  есікті  тарс  жапқан Ажал  болуы  керек.  Кеудесін  сағыныш пен  қимастық  кернеген  ана  орнынан ытырынып,  Ажалдың  соңынан жүгіре шығады.

…Дала  тас  қараңғы.  Анадай  жерде шашын тобығына дейін жайып, сондай сұлу, бірақ сондай суық бір ару төмен қарап отырады. Ол – Түн аруы. Бейбақ ана басынан өткен бар қасіретін айтып, ажалдың  қайда  кеткенін  сұрайды.

Сонда Түн аруы:

–  Менің  жамалым  жоқ.  Сен  маған жамалыңды  бер,  сол  кезде  мен  саған жол  көрсетемін,  –  дейді.  Жалғыз баласына деген махаббаттың алдында жамал деген не, тәйірі? Анасы жамалын бере  салады.  Түн  көрсеткен  жолмен жүріп  келе  жатып,  төбесі  көк  тіреген алып  тауға  кезігеді.  Айналып  өтуге қайран жоқ…

–  О,  табиғаттың  алыбы!  Менің жалғызымды ажал алып кетті. Соңынан қуып  келемін,  өтінемін,  жолыңды көрсет, – дейді ана.

– Әй, сорлы ана. Менің де сорым бар. Сеңгірім  бұлтқа  тигенімен,  етегімде орман  жоқ.  Сен  маған  шашыңды  бер, мен сонан орман жасап алайын. Сосын саған жол көрсетемін, – деп тіл қатады тау.  Ана  ойланбастан  шашын  кесіп береді.

…Таудан  өткен  ананың  алдынан енді  үлкен  өзен  шығады.  Айналып  өту –  айшылық  жол,  жүзейін  десе,  тағы қисыны келмейді.

–  Мөлдіріңнен  айналдым,  шалқар көл!  Менің  жалғызымды  ажал  алып кетіп барады. Мені өткізші, өтінемін…

– Судың да сұрауы болады, қарағым. Мына  менің  суымның  мөлдірлігі құрығалы  біраз  болды.  Көлемім  бар, көзім  жоқ.  Егер  шынымен  өткің  келсе, көзіңді ойып бер. Мен сонда саған жол ашып беремін, – дейді өзен.

…Көлден  өте  бергенде,  тас  қараңғы суық  әлем  жып-жылы  болып  сала береді.  Ерекше  жеңілдік.  Ерекше сабыр.  Тыныштық.  Сәлден  соң  бір мейірімді дауыс:

– Кімсің? – деп сұрайды. Ана басынан өткен жағдайды баяндайды. Кімсің  деп  сұраған  қағба  күзетшісі

екен. Ананы қолынан жетектеп әкеліп, бір орынға тізерлете отырғызып:

–  Мына  гүлдің  қауызын  қолыңа ал,  бірақ  жұлма.  Бұл  гүлді  Алланың рұқсатымен  ғана  жұлуға  болады.  Сен Ажалдан  озып  кеттің,  ол  әлі  келмеді. Күт  осында.  Келгенде:  «Не  баламды бер,  не  мына  гүлді  жұламын»,  – деп  айтасың.  Сонда  ажал  балаңды қайтарып береді, – дейді.

…Сәлден кейін ажал келеді.

– Сенің осында екеніңді бірден білдім. Мінекей,  сенің  көздерің.  Міне,  шашың. Міне, жамалың.

– Баламды бермесең, мен мына гүлді тамырымен жұлып аламын.

–  Ұстап  отырған  гүліңді  ме?  Сен соның бір қауызын алшы қолыңа. Енді мына бір құдыққа тастап көр.

…Ана  гүлдің  қауызын  құдыққа тастаған  бетте  әлгі  баланың ғұмырбаяны  көрсетіледі.  Еліне  зор үлес  қосатын,  оқыған,  айтулы  азамат болғалы  тұр.  Ал  ана  оны  тамырымен жұлып алмақшы.

–  Ал  енді  маған  қара,  –  дейді  ажал. Оң қолында – шетінеген шақалақ, сол қолында  –  солған  гүл.  –  Мына  гүл  – сенің балаңның гүлі. Мұның да қауызын құдыққа тастап көр, – дейді.

…Дәл  сол  әрекет.  Сәбидің  келешек өмірі құдықта көрініс бере бастайды… Істемеген  зұлымдығы,  көрсетпеген азабы  жоқ  азамат  болғалы  тұр. Көптен  күткен  бала,  атасы  бетінен қақтырмауға сөз берген. Ақыр соңында өлген соң, мәйіті де жерленбеген екен. Бұл көріністі көрген анасы ажалға:

–  Баланы  әкет,  –  деп  жалынады. Жалынып  тұрып  селк  етіп  оянып кетеді  екен.  Бала  шетінеп  кетіпті.  Ана айтарлықтай қайғырмай қалыпты».

P.S.  Осы  әңгімені  баяндап  берді анам.  Түйінін  былай  жасады:  «Алла Тағала  құлын  түгелдей  тең  сүйеді. Басына  бір  қайғы  салса,  ол  одан  да бетер  үлкен  қасіреттің  алдын  орайды екен. Бәрі жақсы болады», – деген. Бәрі де жақсы болды.

P.S.  Осы  әңгіме  қандай  қиын жағдайда  да  санама  тәубе  әкеліп, шүкіршілік  айтқызып  тұрады. Сағыңызды  сындырмаңыз  сіз  де.  Бәрі жақсы болады!


Аян МЕЙРАШ

Пікір қалдыру