Қазір ойласаң жаның түршігеді...

07 Қараша, 2018 183 0

Келмеске кеткен коммунистік партияның опасыз идеологтары бұдан 32 жыл бұрын, 1986 жылдың желтоқсанында  өздерінен қаймықпай, соңғы сәттерге шейін ол екіжүзділерден әділдікті күткен періште көңіл мөлдір жастардың сол кезеңдегі ұзақ жылдар бойында ұлттың қасақана шешімін таппаған экономикалық, әлеуметтік, рухани мәселелерін көтеріп, мұның барлығына от тұтатқандай болған соңғы қорлығы – республика басшылығына айдаладан «қаңғып келген шүрегейді» әкелуіне қарсы аязды күндерде алаңға атойлап шыққан ерлігін «ішкіш, нашақор, т.б.» былапыт сөздермен жала жапқаны ешқашан ұмытылмай, санамызда күнде жаңғырып тұрады.

Мінеки енді, марқұм Сағат Әшімбаев сынды тұлғалы азаматтардың септігімен Жаратушы қолдап, осы күнге аман жеткен, қазіргі уақытта жаһандық желі арқасында барша адамзатқа тарап отырған Желтоқсан көтерілісінің сирек кадрлеріне тағы бір қарайықшы - неткен тазалық, неткен шынайылық, аппақ қардай ақ тілектерін жариялап, тіпті әнмен жеткізіп келе жатқан көркем жастар, албырт, алма бет, сүйкімді, ынтымақты жап-жас қыздар, жігіттер. Олардың киім киістері, келбеттері өте ұқыпты, таза, әдепті, яғни қырғынға ұшырауға емес, өздерінің осындай өр рухын паш етуге мерекеге, тойға келе жатқандай. Өйткені өз билігі өз халқының қанын төкпейтіндігіне кәміл сенімде болды ғой.

Бір сәт тарихқа үңілсек, тура осы бейне, осыған егіздей ұқсас көрініс пен сезімді Ұлы Мұхтар Әуэзовтың мәңгілік туындысы 86-дан тұп-тура жетпіс жыл бұрын 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісін жырлаған «Қилы заман» повесінен кездестіруіміз таң қалдырмай қоймайды:

«Шаңқай түс кезінде Айттөбенің айналасы жыбыр қаққан қара бөрікке сіресіп толып, қалың жыныс қарағайдай болды. Ит тұмсығы батпайтын, самсаған сары қол, түйілген жалпақ қара бұлттай болып, көк даланы қаптай басып, жәрмеңкеге қарап бет қойды...

Салмақпен басқан қара топыр шабуылсыз, айғай-дырдусыз келе жатса да, ен даланы  қаптап алған көптігімен түйілген қас, тұтасқан ашу, жұмылған қарсылық пішіні сияқтанды. Жәрмеңке жайлау сырын, қара бөрік түрін, қорқынышты айдынын жаңа ғана анықтап танығандай...

Жан-жақтан келіп жатқан жас атаулының бәрінде де осындай көтеріңкі желік, шексіз ұзақ күлкі, ойын-сауық күніндей ерекше қызу бар еді. Жайлауларынан шықаннан бері әлденеше жерде жарысып, аударысып, бірін-бірі қуып сабасып, көптігімен бірлігіне өркештенгендей...

Өзгелерден гөрі ширағырақ, білім шалымы артық, қазақ бабын көп бағып,  байқап көрген тергеуші пәтерінен сурет тартатын аппаратын алғызып, Ақжелке кеңсесінің алдына қара шұға жауып, дайындап қойды.

Ішкі есебінде білмеген қазақ зеңбірек пе, әлде не дер. Білгендері – алдыңғы қатардағылары суретімді басып алып қойып, артынан қудалар деп жасқанар деген есебі бар еді...».

Оқырманға одан кейінгісі мәлім. Мұздай қаруланған патша әскері заңды талаптарын айтуға қарусыз шыққан бейбіт халықты пулеметтердің оғының астына алған.

Желтоқсан көтерілісі кезінде кеңестік құқық қорғау органдары тап осы патшалық кездегі әдісті, тек қана бұрынғыдан айырмашылығы - әбден жетілген техникаларды пайдалана отырып, алаңға шыққан жастар мен студенттерді сыртынан суретке, бейнекамераларға түсіріп алып, артынан жаппай жазалау кезінде дәлел ретінде жанталаса пайдаланғаны есімізде.

Жетпіс жылдан соң 1986 жылғы 17 желтоқсанда осы жолдардың авторы бұрынғы Талдықорған облысының Панфилов қаласының жанына орналасқан шекаралық  әскери полкте борышын өтеп жүрген. Сол күні «Дабыл!» белгісімен тік көтеріліп, командованиенің  бұйрығымен “лица казахской национальностидан» басқа қалың әскер, қаруланып БТР-лармен Алматыға әкетілуге үш сөтке қатаң дайындықта тұрды. Бұл әскери полктар шекаралық Панфилов ауданында орналасқандықтан, аса қауіпті жағдайлар туындамаса, орнынан қозғауға болмайтын, яғни Кеңес Одағының шекарасын жалаңаш қалдырумен бірдей жағдай саналатын. Қазір ойласаң жаның түршігеді. Алматының өзіндегі ондаған ірі әскери бөлімдерді айтпағанда, Панфиловқа дейін Қапшағайда, Сарыөзекте, Талдықорғанда бүтіндей дивизиялар тұрды. Демек, Қытаймен шекараның тақ түбінде  қалқан ретінде тұрған  шағын полкқа дейін Алматыға әкелмекші болғанына қарағанда, жолдағы дивизиялардың барлығы, кемінде 50-60 мың әскер, Алматының астаң-кестеңін шығаруға даяр тұрды деген сөз.  Қазір кейбіреулер қайта-қайта аңсап жүрген кеңестік империяның қазақ халқына «қамқорлығының» сиқы осындай еді. Тағы бір қырынан қарағанда, қарусыз жастардан осыншама үрейленген кеңестік билік қазақтардың қаһармандық мінезін жақсы біліп, содан қатты шошынғаны да ақиқат.

Иә, Желтоқсан - өз елінде, өз жерінде өмір сүріп отырған ұлттың ұзақ уақыт өзгенің басынуына шыдамының шегіне жеткен соңғы атылған жанартау сәті еді. Туған тілінен, салт-дәстүрінен күштеп ажыратылуға таяп, өзгелермен терезесі тең лайықты өмір сүрудің жолдары небір қитұрқылықпен әдейі жабылған жұрттың жол көрсетуші зиялы қауымының өзі баспанасыз бейшара күй кешетін. Тіл дегенде тағы еске түседі, жасыратыны жоқ, алаңға шыққан қалың елдің басым бөлігі қазақ тілінде сөйлейтін, жөргегінен қазақ әнімен өскен, ауылдан шыққан, ұлттық сезімдері селдіремеген студент және жұмысшы жастар болатын. «Қилы замандағы» тарихи шындықтан Желтоқсанның ең басты, ең құдыретті ерекшелігі – алаңда қыз балалардың ер азаматтармен иықтас, бір сапта, тіпті кейбір сәттерде жігіттердің алдында жүруі еді. Бірі көңілді, бірі тастүйін қабағын түйген қайсар қарындастарымыз бен әпкелеріміз жанындағы жігіттердің бойына қайтпас, қаймықпас рух бергендігі кәміл. Олардың саяси өрлеу биігінің айқын дәлелі еді бұл. Біздің ұлы жұртымыздың мәңгілік жасымас жасмпаздығының бірден бір рәмізі де осы көрініс, сол оқиға, осынау үрдіс болып қала бермек. Сол кезде шырылдап айтылған тіл туралы шындық күні бүгінге шейін шешімін таппауы ойландырады.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бүгінгі қазақ қоғамының болмысы мен келбетін көрегендікпен саралай отырып, келешекке енуінің күретамырлы жайттарын айқын анықтаған манифест деңгейіндегі бағдарламалық құжат - «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Күллі жер жүзі біздің көз алдымызда өзгеруде. Әлемде бағыты әлі бұлыңғыр, жаңа тарихи кезең басталды. Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арыл­масақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес. Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек», - деп тайға таңба басқандай жол көрсетіп отырғанын барша қазақстандықтар кемел қанағатпен қабылдап, келелі істерді жаппай қолға алып жатқаны аян.

Солайында, М.Мағауин ағамызша айтқандай, «шылпара ыдыраған» келмеске кеткен кеңестік кезеңнің зұлмат идеологиясының қандықол тірегі коммунистер мен оның жандайшабы, бүкіл әлем бойынша Қазақстанда ғана 100 жылдығы салтанатпен тойланған комсомол оған жұмсаған миллиондарына осы баянымыздың басында айтылған зұлымдықтары үшін қазақ халқынан 100 мәрте кешірім сұрап, Желтоқсанда комсомол-солдаттар құрсағынан тепкен болашақ ана – қыздардың өмірге келмей қалған 100, бәлкім 100 мың нәресетенің өтеуі деп 100 жетім балаға, 100 жесір анаға, қарттар үйіндегі 100 кейуанаға қайырымдылық көрсетсе, 100 қазақ мектебіне қажетін әперсе, сәл де болса, түсіністікпен қабылдауға болар еді...

 

Мұхтар Кәрібай,

abai.kz 


Пікір қалдыру