"Зейнеткерлерге 150 мың теңгеден": БЖЗҚ мамандары өтемақы туралы айтып берді

30 Қазан, 2018 218 0

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының мамандары мемлекеттік кепілдеме бойынша өтемақы алудың ережелерін түсіндіріп берді, - деп хабарлайды newsroom+ агенттігі  Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап. Мамандардың айтуынша, Қазақстанда зейнетақы жинақтарының сақталуын қамтамасыз ететін бірегей мемлекеттік кепілдік моделі жұмыс істейді. "Қазақстанда зейнетақымен қамсыздандыру туралы" ҚР Заңының 5-бабына сәйкес, зейнетақы төлемдерін алу құқығы туындаған кезде мемлекет алушының жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысқан бүкіл кезеңіндегі инфляция деңгейін ескере отырып, оның атына БЖЗҚ-ға аударылған мiндеттi зейнетақы жарналарының, мiндеттi кәсіптік зейнетақы жарналарының нақты енгізілген мөлшерінде сақталуына кепiлдiк бередi.

 

Айырма сомасы (мемлекеттік кепілдік) - мемлекеттік бюджет есебінен берілетін біржолғы өтемақы. Салымшылар мемлекеттік кепілдік бойынша төлем алу құқығына зейнеткерлік жасқа толған кезде ие болады. "Бұдан басқа, мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленген жағдайда І және ІІ топтардағы мүгедектігі бар жандар, Қазақстаннан тыс жерлерге тұрақты тұруға кеткен шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен айырма сомасын алуға құқылы. Сонымен қатар, мемлекет кепілдігі бойынша төлем алуға құқылы азамат қайтыс болған жағдайда, оның мұрагерлері де айырма сомасын ала алады", - деді БЖЗҚ мамандары. Өтемақы мөлшері әрбір салымшы үшін дербес есептеледі.

 

Зейнетақы төлемдерін алу құқығы туындаған кезде алушының зейнетақы жинақтарының сомасы оның жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысқан бүкіл кезеңіндегі инфляцияны ескере отырып есептеледі және енгізілген зейнетақы жарналарының сомасымен салыстырылады. "Егер зейнетақы жинақтарының табыстылығы инфляциядан төмен болса, мемлекет айырма сомасын өтейді. Бұл қаржы нарықтары мен инвестициялық табысқа қатысты қандай жағдай орын алмасын, салымшылардың жинақтары сенімді қорғалғандығын білдіреді.

 

 Алайда инфляция деңгейін ескере отырып, міндетті жарналар мен инвестициялық табыс есебінен қалыптасқан зейнетақы жинақтарының сомасы енгізілген жарналардың сомасына тең немесе одан жоғары болса айырма сомасы төленбейді", - деп түсіндірді қордағылар. Еске сала кетейік, өткен айда зейнетақы Қорының инфляцияға байланысты салымшылар мен алушыларға 150 000 теңгеден төлеп жатқаны туралы WhatsApp арқылы хабарлама тарады. Осындай таратылымдардың жиілеп кетуіне байланысты, Қор барлық салымшылар мен алушыларды бейресми дереккөздерден таратылған ақпараттарға сенбеу керегін ескертіп, жалған ақпаратты таратқан адамның заң бойынша жауапқа тартылатынын еске салды.

Пікір қалдыру