Түркістанда 660 пәтерлі 11 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр

10 Қазан, 2018 362 0

Түркістан шаһардағы жаңадан құрылған «Отырар» мөлтек ауданында қазір 660 пәтерлі 11 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Әр үйде 60 пәтерден болады, деп хабарлайды Baq.kz пақпарат агенттігі 24kz сайтына сілтеме жасап.

«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынып жатқан баспаналардың барлығы 5 қабатты, ал жобалық сметалық құны 4 млрд 102 млн теңге. Жаңа пәтерлер алдымен әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған жетім балаларға, апатты үй тұрғындарына және бюджеттік сала қызметкерлері мен тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға беріледі.

Қазір Түркістанда 8 мыңнан аса тұрғын баспана кезегінде тұр. Сондай-ақ жеке инвестордың есебінен 360 пәтерлі 6 несиелік тұрғын үй бой көтереді. Бұдан бөлек тағы да 540 пәтерлі 9 үйдің инфрақұрылымдық желілері тартылып жатыр. Бұл баспаналардың барлығы келесі жылы толық аяқталып, ел игілігіне беріледі. Сол кезде 1560 отбасы қоныс тойын тойлайды.

«Қазіргі уақытта Түркістан қаласында 162 мың халық тұрады. 2035 жылы Түркістан қаласының халқы 350 мыңға жетеді деген болжам бар. Ал 2050 жылы 500-ға жетпек. Ол дегеніміз кем дегенде 200 мың пәтер. Осы уақыттың арасында 1 млн 400 мың шаршы метр тұрғын үй соғуымыз керек деп жоспарлап отырмыз», - дейді облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Тоқтар Үсіпәлиев.


Тегтер: түркістан, үй, кезек, құрылыс

Пікір қалдыру