Жастар "Жақсылық жасап жарысайық" акциясын қолға алды

08 Қазан, 2018 377 0

Қазақ атам "Жетім көрсең жебей жүр" деп бекер айтпаса керек. Пайғамбарымыз да  (с.ғ.с.) хадисінде: "Кімде-кім жетімнің басынан сипап, қамқорлық танытса, Менімен жəннатта көрші болады" деген. Аталы сөзді тереңінен түсінген Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ журналистика жəне саясаттану факультетінің ҚЖ-41 тобының студенттері мен факультет оқытушысы Айнұр Ташмақова жексенбі күнгі демалысын сауапты іске арнады. Астанадан 25 км қашықтықта орналасқан "Светоч" жеке меншік балалар үйі жанынан құрылған орта мектепке барып, бүлдіршіндермен кездесті. Қайырымды іске өз еріктерімен, шын ниетімен барған студенттер балаларға қуаныш сыйлады. Олармен бірге сенбілікке шығып, үйлерінің ауласын тазаласып, түрлі ойындар өткізу арқылы көңіл-күйлерін көтеруге тырысты. Топ студенттерінің күшімен қаржы жиналып, балаларға тəтті-дəмділер сыйға тартылды. Рухани қолдауға, қамқорлыққа, мейірімге зəру бүлдіршіндер жастардың келгендеріне риза болып, емен-жарқын араласып кетті. 



Балалар үйінің тəрбиеленушілерінің айтуынша, оларға көмек қолын созғысы келетін қайырымды жандар жиі келіп тұрады. 5 сынып оқушысы Сабина осы үйде тəрибе алып жатқанына, "мама" деп атайтын балалар үйінің басшысына дəн риза.
"Біз 5 сыныпта Никита екеуіміз ғана оқимыз. Сенбі, жексенбі күндері шіркеуде білім аламыз. Аптаның қалған күндері мектептеміз. Бізге бұл жерде ұнайды. Менің ойымша, біздің мұғалімдеріміз - ең керемет жандар. Бəрі бар, жеткілікті. Мамамыз кейде ұрысады, бірақ, ол үшін мүлде ренжімейміз. Себебі, ол кісі бізді жақсы жағына өзгерткісі келеді. Сіздер сияқты жандар бізбен кездесуге жиі келіп тұрады. Əсіресе, студенттер, АҚШ, Ресей, Украина елшілігінен адамдар жиі келеді. Келіп, бізбен уақыт өткізгендеріңізге рақмет" - дейді Сабина Дербисова. 
25 жыл бойы мектепте əдебиет пəнінен мұғалім болған, жарынан, баласынан ерте айырылған Лилия Венаминовна балалар үйін 1999 жылы өзі ашқан. Бүгінгі күнге дейін 154 баланы өсіріп, ұясынан ұшырған. Ал, қазір 22 балаға анасы мен əкесін жоқтатпай, қамқор болып отыр. Қамқор ана, балалар үйінің басшысы бастысы, оларды еңбек етуге үйрететіндігін айтты. 

 "Жақында мектебімізге 19 жыл болады. Осы уақыт аралығында 154 бала қолымда тəрбиеленді. "Еңбек - бəрін де жеңбек" дегендей, мектебіміздің басты қағидасы - еңбекке баулу мен білім беру. Мектеп бітірген соң балаларымыз колледж, ЖОО-ға түседі. Бірі Қазақстанда қалса, кейбірі шетелге кетеді.  Қазір 22 баланы тəрбиелеп отырмыз. Олардың 16-сы мектеп оқушылары, қалғаны - түлектеріміз. Оның 12-сі қыз, 10-ы ұл бала. Барлығы үйдің шаруасын, бақша жұмысын істеуге, кітап оқуға үйренген. Бəрі - өз балаларымдай. Бастысы, еңбек етуге үйретемін",- дейді директор Лилия Соловьева. 

Жеке меншік балалар үйінде орыс, беларусьтер, метис балалар да бар. Барлығы орыс тілінде сөйлейді. Қазақ тілінде сөйлейтін тараздық жалғыз қазақ қызы бар. Есімі - Маржан. 7 жасар бүлдіршіннің ол үйге келгеніне көп болған жоқ. Жастарды алаңдатқан бір мәселе - мұсылман қыздың демалыс сайын шіркеуге барып, тәлім алуы. Кішкентай қыздың христиан дініне бет бұрып жүргендігін тамақ алдында сыйынғандығынан да байқаған.

 "Менің жасым - жетіде. Осында оқып, балалармен тұрып жатырмын. Біз сенбі, жексенбі күндері шіркеуде боламыз. Басқалар не істесе, соны қайталаймын. Табақтар тасимыз, сол жерде қызмет етеміз. Болашақта дәрігер болғым келеді. Балаларды, үлкендерді емдеп, оларға укол саламын" - дейді Маржан Серікқызы. 

Бүлдіршіндердің қуанышты жүздерін, жылулығын сезген жастар да өмірде адами құндылықтарға аса мəн беру керектігін түсінгендей. Жүрегінде бір түйір болса да мейірімі бар басқа да жандарды осындай қайырымды істі атқаруға шақырады. 

Ақнұр Абдрахманова, ұйымдастырушы, студент: "Бүгін біз "Жақсылық жасап жарысайық" акциясын "Светоч" балалар үйіне барудан бастадық.  Бұл қадамымыз өте маңызды деп білемін. Себебі, күнделікті өмір ағымымен жүріп, басқа да құндылықтарды түсіне бермейміз. Оны тек көзбен көріп, жүрекпен сезіну керек. Біздің ойымызша - ол жақсылық жасау. Бір  жанды болсын қуанышқа бөлеу, сырласу - ол біздің ойымызшы үлкен жақсылық. Бүгінгі мақсат та сол еді.  Ауызбірлік пен жақсы көңіл-күйдің арқасында ойға алған ісіміз орындалды деп ойлаймын. Барша жастарды осындай іс-шараларды жиі ұйымдастырып, барынша қатысқандарын қалаймын. Біз жақсылық насиxаттаушылары ретінде мойнымызға жауапты жүк алдық. Қолдан келгенше ақтауға, жүрген жерде жақсы іс жасауға тырысамыз. Өз кезегінде бізге қолдау көрсеткен Айнұр Рамазанқызына және сүйікті группаластарым Еуразия ұлттық университеті, журналистика және саясаттану факультеті 4 курс студенттері, ҚЖ-41 тобына үлкен алғыс білдіремін".

Қайырымдылық акциясын қолға алған жастар барша қазақстандықтарды тек балалар үйіне ғана емес, өзге де көмекке мұқтаж жандарға жақсылық жасауға, қол ұшын созуға шақырады. Әлеуметтік желілерде 7 досын белгілеп, оларға эстафета ретінде тапсырып жатыр. Осылайша, жастарды игі істер жасауға шақырады. 








Аяжан Мадибекова

Пікір қалдыру